
Өңірдің 50-ден астам педагогы әртүрлі мемлекеттік наградаларға ие болды. Облыс әкімі білім беру саласының қызметкерлерін Республика күнімен құттықтады.
Павлодар облысына жасаған жұмыс сапары кезінде Мемлекет басшысының берген тапсырмасына сәйкес, жергілікті педагогтардың бірқатары Республика күніне орай әртүрлі мемлекеттік наградалармен марапатталды. Әбілқайыр Сқақов мұғалімдердің дені сау интеллектуалды ұлтты қалыптастырудағы ерекше рөлін атап өтті.
– Бұл мен үшін ерекше маңызға ие марапаттау рәсімі. Мен еңбектеріңізге ерекше сый-құрметпен қараймын және сіздер үшін қуаныштымын, - деді облыс әкімі. – Бұл адал еңбектеріңіздің лайықты бағасы. Сіздер секілді алдынғы қатарлы педагогтар барда Қазақстан болашағы үшін еш алаңдамаймыз. Лайықты марапаттарыңыз құтты болсын!
ҚР Президенті Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медаліне 15 педагог ие болды. Успен отбасылық типтегі балалар үйінің тәрбиешісі Нұржамал Ескеева «Шапағат» медалімен, тағы 18 адам ҚР Құрмет грамоталарымен марапатталды. Сый-құрметке ие болғандар арасында білім беру саласына 29 жылын арнаған Баянауыл ауданы М. Әуезов атындағы мектептің информатика мұғалімі Самал Мәжитова да болды.
– Қазақстанда педагогтарды сыйлайды және бүгінгі рәсім осы пікірді қуаттайды. Мен ауылдың қарапайым мұғалімімін. Өңірімізде Мемлекет басшысының бастамалары жемісті жүзеге асырылуда. Педагогикалық қоғамдастық Жаңа Қазақстанның дарынды әрі білімді жастарын лайықты тәрбиелеуде деп нық сеніммен айта аламын, – деді Самал Мәжитова.
Павлодар облысының Құрмет грамоталарымен 20 педагог марапатталды. Әлеуметтік саланы дамытуға қосқан үлестері үшін өңірдің құрметті азаматы Рысты Жұмабекова мен «Нұр Ана әлемі» ҚБ төрайымы Бақытжамал Максилованың еңбектері еленді. Мерекелік кешті концерт жалғастырды.