
Аймақ басшысы Болат Бақауов Ақсу қаласы, Успен және Шарбақты аудандары әкімдерінің 2019 жылға арналған жоспарларымен танысты.

Ақсу қаласының әкімі Балғабай Ыбыраев облыс әкіміне Ақсудағы Молодежная көшесі, 32 мекенжайы бойынша тоғыз қабатты үй салынатынын айтты.
– Құрылыс жұмыстары жүріп жатыр, қазіргі кезде төрт қабат салынып болды, – деді қала әкімі. – Қалқаман кентінде екі төрт қабатты үйлерді реконструкциялау жұмыстары жоспарланып отыр. Екі үй бойынша 394 миллион теңге көлемінде қаражат қарастырылды. Конкурстың жеңімпазы ретінде «Эко Монтаж Сервис» ЖШС анықталды. Мемлекеттік сатып алулар конкурсынан кейін әр үйден 50 миллион теңге қаржы үнемделді.

Сонымен бірге, Ақсудағы қара металлургия колледжінде 200 орындық жатақхананың құрылысы басталады. Жобаның құны – 718 миллион теңге. Сондай-ақ, жеке тұрғын үй шағын ауданында 380 үйдің құрылысы жоспарланып отыр. 2019 жылы жалпы аумағы 10 мың шаршы метрді құрайтын 72 үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Жеке тұрғын үй құрылысына құйылатын инвестициялар көлемі 1 миллиард теңгені құрайды.
Успен ауданындағы «Галицкое» шағын ауданында мың бас ірі қара малға арналған сүт-тауарлы ферма ашуды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар, бұл кәсіпорын 347 гектар жер учаскесін суармалы алқапқа айналдыру үшін 400 миллион теңге бөліп отыр. «Штрек» шаруа қожалығы 80 гектарды суармалы алқапқа айналдыру үшін сексен миллион теңге жоспарлап отыр. Қазіргі таңда қожалық қажетті жабдықтар сатып алды, жер дайын. Аудандағы «Ауыл» АӨК 150 бас ірі қараға арналған мал шаруашылығы кешенін іске қосуды жоспарлап отыр. Жобаның құны – 38 миллион теңге. Қазіргі таңда кәсіпорын «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 87,5 миллион теңгеге герефорд тұқымды асыл тұқымды сиырлар сатып алды.

Әкімдердің көңіл қуантарлық жоспарларына қарамастан аймақ басшысы аудандарда жаңа жобаларды көбірек енгізіп, кәсіпкерлердің қатарын көбейтуді тапсырды.
– Біз ауыл шаруашылық тұтыну кооперативтерінің институтын дамытуымыз қажет, – деді Болат Бақауов. – Успен ауданында 12 мың адам тұрады Яғни, мұнда жердің бәрі бос емес деп айтуға болмайды. Ауданда ауыл шаруашылығын дамыту көздері әлі де бар. Шарбақты ауданындағы жағдай да осыған ұқсас. Ауданның әлеуеті жоғары болғанымен нақты жобалардың саны өте аз.

Кездесу соңында аймақ басшысы әкімдерге келесі жолы жоғарыда аталған жобаларды жүзеге асыратын кәсіпкерлердің қатысуымен кездесуді ұсынды. Ал, Ақсу қаласы мен аудан басшылары осы жобалар бойынша барлық мәселелерді салалық басқармалармен талқылауы қажет.