Тиімді жобалар қажет

Тиімді жобалар қажет

Павлодар облысының әкімі Екібастұз қаласы, Ақтоғай, Аққулы және Железин аудандары әкімдерінің даму жоспарларын тыңдады. Болат Бақауов жергілікті басшылар өздері басқаратын өңірдің экономикасына тиімді әсер ететін жобаларды жүзеге асырулары қажет екендігін атап өтті.

 

Аймақ басшысына кеншілер қаласының алдағы кезеңдегі дамуы туралы есеп берген Нұржан Әшімбетов 2019 жылы жалпы құны 30 миллиард теңгені құрайтын 11 жоба жүзеге асыралытынын айтты.  

– Осы жылы «Богатырь Көмір» ЖШС құны 9,5 миллиард теңгені құрайтын  көмірді өндіру мен тасымалдаудың автоконвейерлі технологиясына көшейін деп отыр, – деді ол. – Осы жобаның шеңберінде көмірді өндіру көлемі 32 миллион тоннадан 40 миллион тоннаға өсетін болады.   

Сонымен бірге, Нұржан Әшімбетов Екібастұз №2 ҚАЭС-де құрғақ күлді жинау жобасын ұсынды. Жоба бойынша жиналған құрғақ күлден құрылыс материалдарын жасауға болады. Жобаның құны 2 миллиард теңгені құрайды. Қазіргі кезде осы жобаға өз қаражатын құюға әзір бірнеше компания бар.

Аудан басшылары өз кезегінде суармалы егістіктерді енгізу, көкөніс және дән қоймаларының құрылысы, мал бордақылау алаңдарын құру бойынша жобаларды ұсынды. Павлодар облысының әкімі ауылдық жерлерде өнім жасап шығаратын маңызды жобалар жүзеге асыру қажет екендігін атап өтті. Сонымен қатар, Болат Бақауов жергілікті әкімдер азық-түлік бағасын бақылауда ұстауларын талап етті.