
Бүгін Қазақстанда Құтқарушылар күні атап өтілуде. Облыс әкімі өрт сөндіру, суда құтқару және азаматтық қорғаныс қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, жаңа өрт сөндіру машиналарының кілттерін табыс етті.
ТЖ жөніндегі департамент бастығы Жасұлан Жұмашев айтып өткендей, алты жаңа көлік арасында ауылдық жерге арналған арнайы техника бар. Жол талғамайтын автомобильдер орманда да, далалық аймақта бірдей сапалы жұмыс істей алады. «Урал» және «КамАЗ» көліктерінің негізіндегі автоцистерналар кез келген жерде еркін жүріп өте алады. Сондай-ақ өрт сөндірушілер үшін 200 жиынтық жауынгерлік киім-кешек сатып алынды, жоғарғы температураларда жұмыс істеуге де мүмкіндік туды. Келесі жылы 280 млн теңгеге АЛ-32 екі автосаты сатып алу жоспарлануда.
– Соңғы үш жылда азаматтық қорғаныс органдарының материалдық-техникалық қамсыздандыруын жақсарту үшін 1,2 млрд теңге бөлінді. 200-ден астам бірлік техника және басқа да құрал-жабдықтар сатып алынды, — деді облыс әкімі. – Заманауи техниканы қолдану маңызды, алайда адам жанын құтқару сіздердің жеке кәсібилігіңіздің арқасында ғана мүмкін болады.
Тәуелсіздік жылдарында апаттарды жою жұмыстары кезінде 13 мыңнан астам адам құтқарылды, медициналық көмек зардап шеккен 3,5 мың адамға көрсетілді. Жыл басынан бері ТЖД қызметкерлері 140 адам, оның ішінде 10 баланы құтқарды.
- Осыдан 27 жыл бұрын құрылған арнайы қызмет бүгінде халыққа мүлтіксіз қызмет етіп келеді, - деді облыс әкімі. – Шынымен сіздің мамандықтарыңыз жеңіл емес. Адам өмірін құтқару бұл өте жауапты қызмет. Апатты жағдайды тоқтатудың алдынғы қатарында тұрған сіздерсіздер. Бұл жұмыс әрбір құтқарушылардан үлкен жауапкершілікті, ерлікті талап етеді.
Әбілқайыр Сқақов ерекше ерлігімен танылған құтқарушыларды облыс әкімінің Құрмет грамоталарымен марапаттады. Одан бөлек, Павлодар тұрғыны Идрак Әлизада адамдарды құтқаруда асқан ерлік танытқаны үшін «Өрттегі батылдығы үшін», ал полицияның аға сержанты Азамат Саянов «Суда адамды құтқарғаны үшін» медаліне ие болды.
Қазақстан Республикасы Құтқарушылар күніне орай облыстың азаматтық қорғаныс органдарының үздік қызметкерлері ведомстволық наградалар мен грамоталармен марапатталды. Салтанатты рәсім концертке ұласты. Қонақтар алдында Иса Байзақов атындағы облыстық филармония мен «Шернияз» би ансамблінің әртістері өнер көрсетті.