Өңір басшысы Ертіс ауданы әкімінің алдына бірқатар міндеттер қойды

Өңір басшысы Ертіс ауданы әкімінің алдына бірқатар міндеттер қойды

Әбілқайыр Сқақов Ертіс ауданының жаңа әкіміне жергілікті атқарушы органдардың жұмыс сапасын арттыруды, елді мекендерді жылыту маусымына дайындауды және ауыл шаруашылығы саласын дамытуды тапсырды.

Ертіс ауданы әкімінің бірінші кезектегі міндеті - мемлекеттік аппарат қызметінің сапасын арттыру. Әбілқайыр Сқақов Болатбек Шәріповке осы бағытта жұмыс жасауды тапсырды.

— Мемлекет басшысы өз Жолдауында саяси мемлекеттік қызметшілердің дербес жауапкершілігіне жеке тоқталды. Енді талаптар жоғары және қатаң болады. Сондықтан сіздің назарыңызды ЖАО жұмысын ұйымдастыру сапасы мәселесіне ерекше аударамын, - деп атап өтті Әбілқайыр Сқақов.

Өңір басшысы жылу беру маусымына дайындық және білім беру мекемелеріндегі жөндеу жұмыстарының аяқталуына қатысты жұмыстардың күшейтілуіне тоқталды. Мәселе Голубовка ауылындағы мектепке қатысты болды.

— Биыл ауданда бірден алты мектепті жөндеу басталды, - деп атап өтті облыс әкімі. - Алайда, Голубовкада біз кестеден айтарлықтай артта қалуды көріп отырмыз. Жағдайды айрықша бақылауға алуды және сапаға нұқсан келтірмей, жөндеуді жеделдетуге жан-жақты жәрдемдесуді тапсырамын. Балалар мүмкіндігінше тезірек мектепке оралуы керек.

Өңірде дәнді дақылдарды жинауға кіріскенін ескере отырып, Әбілқайыр Сқақов күзгі дала жұмыстарын уақытында жүргізіп, егіннің сапасын сақтауды тапсырды.

- Ертіс ауданы - аграрлық, мұнда ірі шаруа қожалықтары орналасқан. Соңғы әлемдік үрдістерді ескере отырып, басты міндет өңірді нанмен және азық-түлікпен қамтамасыз ету болып табылады. Сондықтан егін жинау жұмыстарын уақытында жүргізу қажет, - деді Әбілқайыр Сқақов жаңа аудан әкіміне.

Облыс әкімі азаматтық қоғамды өзекті мәселелерді шешуге тартудың маңыздылығын атап өтті. Облыс басшылығымен екі күндік кездесу барысында айтылған 70 мәселенің бірқатары шешілді. Атап айтқанда, аудан орталығында музей ашылды, балалар тегін жол жүру және тамақпен қамтамасыз етілді, ал келесі жылы Ұзынсу ауылының тұрғындары сапалы орталықтандырылған сумен қамтамасыз етіледі.

- Әрине, мәселелердің шешілгені жақсы. Алайда мәселелердің көпшілігі аудан әкімі деңгейінде шешілуі тиіс. Халықпен тұрақты байланыс орнату маңызды. Бұған ерекше назар аударыңыз, - деп атап өтті Әбілқайыр Сқақов.

Сонымен қатар, ауданда жас мамандар үшін жағдай жасау қажет. Облыс әкімінің айтуынша, балалар мен жасөспірімдер спортын, сондай-ақ бұқаралық спортты дамытуға ерекше назар аудару қажет.

- Елдіктің басы – бірлік. Ынтымақты ел – ырысты ел, - деп атап өтті облыс әкімі. — Сондықтан әділетті Қазақстанды дамыту үшін бірге жұмыс істейміз, бар күш-жігерімізді салып, ортақ жоғары мақсатқа бірге жетеміз деп сенемін!

Өңір басшысы Ертіс ауданының жаңа басшысына алға қойылған міндеттерге қол жеткізуде табыс тіледі.

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев