
Тәуелсіздік көшесінің атауын Нұрсұлтан Назарбаев деп ауыстыру туралы шешім облыстық мәслихаттың сессиясында қабылданды.

Павлодар облысы инаугурация рәсімінде сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздегі барлық орталық көшелерді Елбасының есімімен атау туралы ұсынысын қолдады. Облыстық мәслихаттың депутаттары тиісті шешімді бірауыздан мақұлдады.

– Ұлт Көшбасшысы Қазақстанның әлемге танылуы үшін үлкен еңбек сіңірді, – деді облыстық мәслихаттың депутаты Сергей Прокопьев. – Сондықтан да мен Тәуелсіздік даңғылының атауын Нұрсұлтан Назарбаев деп ауыстыруды толықтай қолдаймын.
Ендігі жерде, облыс орталығындағы ең көрікті әрі кең көше Назарбаев даңғылы деп аталатын болды. Атап өту керек, мұндай ұсыныс екі жыл бұрын Павлодар облысы әкімінің есептік кездесуінде айтылған еді. Павлодар қаласының бұрынғы басшысы Евгений Азаров сол кезде Кутузов көшесі деп аталатын көшені Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне қайта атауды ұсынған болатын.

Назарбаев даңғылы – қаладағы ең ұзын көше. Бұл көшеде «Шаңырақ» халық шығармашылығының орталығы, Мемлекеттік рәміздер алаңы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының атындағы орталық мешіт, Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ музыкалы драма театры, Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті және басқа да нысандар орналасқан.
