30 мыңнан астам павлодарлықтар облыс орталығында Наурыз мерекесін атап өтті

 30 мыңнан астам павлодарлықтар облыс орталығында Наурыз мерекесін атап өтті

Наурыз мерекесін қарсы алуға 30 мыңға жуық павлодарлық жиналды. Мереке қонақтары үшін орталық алаңдағы сахнада танымал қазақстандық әншілер мен шығармашылық ұжымдар өнер көрсетті. Концерттік бағдарламаның барысында Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов өңір тұрғындары мен қонақтарын Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады.

 

— Наурыз – жалпыхалықтық мереке. Бұл күн – тек жыл басы ғана емес, бірлік пен келісімнің, рухани жаңару мен бейбітшіліктің күні, — деді аймақ басшысы. – Түркі халықтарының ежелгі мейрамы заманауи қоғамда бірлік пен берекені нығайтуда маңызды роль атқарады. Наурыз – халқымыздың отансүйгіштік сезімдерін оятып, күш-жігер сыйлайды. Бұл күні біз айналаға жақсылық пен мейірімділік нұрын сыйлап, өткенге салауат айтамыз. Ұлыстың ұлы күні бәрімізді ынтымақ пен бірлікке, қайырымдылық пен мейірімділікке шақырады.  

Орталық алаңда жүз киіз үйден тұратын жеті ауыл құрылып, қонақтарға қазақ халқының салт-дәстүрлері көрсетілді. Павлодарлықтар қалыңдық ұзату, беташар, тоқым қағар секілді дәстүрлермен танысты. «Тоқым қағар» дәстүрі бойынша жас балаға тай мінгізіп, ата-анасы мен үлкендер бата береді. Баланың анасы оған көз тимесін деп үкілі бөік сыйлаған соң оны тайға мінгізіп, шашу шашады.

Аймақ басшысы тоқымқағар дәстүрін көрсеткен балаға смартфон мен алабай тұқымдас күшік сыйлады. Қазақ халқында ит жеті қазынаның бірі деп есептеледі.

Мереке күні түрлі театрландырылған көріністер мен спорттық жарыстар ұйымдастырылды.  Сондай-ақ, алаңдағы қонақтарға тегін ас ұсынылды. Мереке күні 2,5 мың келі бауырсақ, 1,5 мың келі палау мен 3 мың литр наурыз көже әзірленді.