Болат Бақауов қытайлық инвесторларға өңіріміздің инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырды

 Болат Бақауов қытайлық инвесторларға өңіріміздің инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырды

Аймақ басшысы Қытай Азия аймағындағы Павлодар облысының негізгі сауда әріптестерінің бірі екендігін атап өтті. Өңіріміздің ҚХР-мен жалпы сауда көлемі 20 пайыздан астам немесе 846 млн АҚШ долларынан асады. 2017 жылмен салыстырғанда өзара сауда қатынасының көрсеткіші 1,2 еседен жоғары өсті. Көрсеткіштің өсуі негізінен феррохром экспортының көлемінің артуына байланысты.

– Облысымыз бен ҚХР арасындағы ынтымақтастықтың ең айқын мысалдарының бірі – Павлодар облысындағы АЭА-да технологияны және NFC компаниясын мердігер ретінде пайдалана отырып жүзеге асырып жатқан мұнай коксын қыздыру жобасы, – деді өңір басшысы. – 2018 жылдың қорытындысы бойынша Қытайға кокс экспорты 40 миллион АҚШ долларын құрады. Аталған компанияның қатысуымен Еуро-5 баламасы K-5 санатындағы таза отынды алуға мүмкіндік берген «Павлодар мұнай-химия зауытын» ауқымды етіп қайта құру жұмысы аяқталды.

Болат Бақауов Павлодар облысындағы энергетикалық, өндірістік және кадрлық мүмкіндіктер кез келген жерде кездеспейтіндігін атап өтті. Сонымен қатар, Павлодар негізгі көлік артерияларында орналасқан. Бұл Оңтүстік-Сібір және Орталық Сібір темір жол магистральдары, республикалық маңызы бар автомобиль жолдары, әуе қатынастары, су тасымалдары, сондай-ақ магистральдық және талшықты-оптикалық тасымалдау желілері.

– Павлодар облысының, сондай-ақ, тұтастай алғанда Қазақстанның бұлай орналасуы Қытайдан Еуропаға және кері қарай жүктерді тасымалдау үшін зор мүмкіндіктер туғызады, – деп атап өтті облыс әкімі. – Халықаралық саудада жүк жеткізудің ең аз уақыты – табысты ынтымақтастықтың негізгі шарты. Қытай жүгінің қазақстандық авто жолдар мен темір жолдары арқылы транзиті Еуразия құрлығының нарығына шығу мүмкіндігін қамтамасыз етеді және жеткізу мерзімін екі аптаға қысқартады. Облыс басшысы қытайлық инвесторларды Павлодар облысында дайындалып жатқан бірнеше жобаны жүзеге асыруға шақырды. Бұл алюминий кластерін, металлургияны, химия өнеркәсібін және ауыл шаруашылығын дамыту бойынша бірқатар жобалар.

– Біз қытайлық тұтынушылардың қазақстандық экологиялық таза азық-түлік өнімдеріне үлкен қызығушылық танытып отырғанын білеміз, – деді Болат Бақауов. – Біз барлық салаларды, әсіресе ет және көкөніс өнімдерін жеткізуді, сондай-ақ азық-түлік өнімдерін өндіруге арналған шикізатты дамытуға дайынбыз.