
Павлодар экологиясын өңірдің ірі кәсіпорындарымен бірлесе жақсарту. Жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрі өндірістің даму қарқыны мен Қазақстан электролиз зауытының қызметімен танысты. Әлихан Смайылов өнеркәсіптік кәсіпорындардың жұмысын заманауи экологиялық және қолжетімді технологияларға көшіру керектігін атап өтті.
Жылына 250 мың тонна алюминий өндіретін кәсіпорын өнімді ішкі және Түркия, Нидерланд, Бразилия, АҚШ, Италия, Болгария, Польша, Норвегия секілді шетелдік нарыққа шығарады. Әлихан Смайылов зауыттың облыс экономикасына сүбелі үлес қосып, әлеуметтік міндеттемелеріне жауапкершілікпен қарайтынын атап өтті. Дейтұрғанмен, ҚР Үкімет басшысының сөзіне қарағанда, кәсіпорын өндіріс қарқыны мен экспорттық бағытын сақтап, жаңа нарықтарды игеру керек.
Әлихан Смайылов «Еуразиялық Топ» ЖШС, «Қазақстан алюминиі» АҚ, «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ, «Қазхром» Трансұлттық компаниясы» АҚ секілді ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар басшыларымен кездесті. Кездесу барысында өндірістің заманауи технологияларына көшу, қоршаған ортаны қорғау, атмосфераға зиянды қалдықтарды шығаруды төмендету және атмосфералық ауа сапасын мониторингілеудің автоматтандырылған жүйесін енгізу мәселері талқыланды.
Премьер-Министр ірі кәсіпорындармен бірлесе Павлодар айналасында «Жасыл белдеуді» құру мәселесін пысықтау керектігін қадап айтты. Бұл қаланың экологиясын жақсартуға мүмкіндік береді.
«Зиянды қалдықтарды шығаруды төмендету және өндіріс қалдықтарын қайта өңдеу – өзекті мәселелердің бірі, әсіресе бұл облыс тұрғындары үшін аса маңызды, сондықтан осы бағытта нақты нәтижелер қажет. Ірі кәсіпорындар жұмысы заманауи экологиялық және қолжетімді технологияларға көшірілуі тиіс. Тау-кен металлургия және энергетикалық өнеркәсіптік кәсіпорындар өндіріс қалдықтарын азайту, қайта өңдеу мен оларды қайта пайдаланудың стратегиясын әзірлеу керек», - деді Әлихан Смайылов.
Кездесу соңында ҚР Үкімет басшысы облыс әкімдігіне Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі және ірі кәсіпорындармен бірлесе зиянды қалдықтарды азайту мен өндірістік қалдықтарды қайта өңдеудің заманауи технологияларын пайдалану жөнінде ғылыми-зерттеу жұмыстарына өткізуді тапсырды.