
Бірінші кезекте Мемлекет басшысы Қазақстан электролиз зауытында болды. Мұнда ол алюминий электролизі цехы мен металл қорыту бөлімшесінде болды. Кәсіпорында өткен қауымдастықпен кездесу кезінде Президент электролиз зауытындағы екінші кезекті қосудың маңыздылығын атап өтті.

– Бұл жоба 2023 жылға дейін 150 миллиард теңге инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде алюминий өндірісі екі есе артып, мың жарым жұмыс орны құрылады, – деді ол. – Жобаны мерзімінде аяқтау керек. Мен оның жүзеге асырылуын тікелей бақылауыма аламын. Бұл жоба біздің еліміз үшін аса маңызды.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдегі білім беру жүйесінің дамуымен де танысты. Облыс орталығындағы №34 мектептің физика мұғалімі Жасұлан Меңдібаев өзінің жұмыс тәжірибесімен бөлісіп, жеке есептер жинағын көрсетті. Мемлекет басшысы ұстаздан өзіне бір жинақ сыйлауын өтінді.

– Мектепте оқығанда маған физика пәні қатты ұнайтын, – деді ол. – Алайда, бұл пәннен зор жетістіктерге жете алмадым. Менен Эйнштейн шықпайтынын дер кезінде түсіндім. Дегенмен, бос уақытта жаттығып тұрған артық емес, физика мен шет тілдерді оқу – жадыны жаттықтырудың тиімді тәсілі.

Сонымен қатар, Президент Павлодар мұнай-химия зауытында болды. Мұнда Қасым-Жомарт Тоқаевқа кәсіпорынды жаңғыртудың нәтижелері туралы айтып берді.

– Мен бұл кәсіпорында бұған дейін де бірнеше рет болған едім. Алайда, бүгін мен танымастай жаңғырып жаңарған өндіріспен танысып отырмын, – деді Мемлекет басшысы. – Сіздер жұмыстарыңызбен қанағаттанған боларсыздар. Кәсіпорында жастардың көптігі көңіл қуантады. Сіздерге сәттілік тілеймін.

Сондай-ақ, Президент өңір жастарымен де кездесті. Жастар бастамаларын дамыту орталығында аймақтың белсенді жастары Қасым-Жомарт Тоқаевпен сұхбататсып, Мемлекет басшысынан еріктілерді қолдап отыруын сұрады.

– Еліміздің жас еріктілерімен кездесуге сіздерді міндетті түрде шақырамын, – деді ол. – БҰҰ бас хатшысының орынбасары болған кезде еріктілермен кездескен едім. Қазақстанда еріктілермен міндетті түрде қарым-қатынас жасаймын. Сіздер шын мәнінде қайырымды жандарсыздар.

Мемлекет басшысы Назарбаев зияткерлік мектебін аралап көрді. Оқу орнының тәрбиеленушілері Президентке өздерінің жетістіктерін айтып, жоспарларымен бөлісті.