Қуанышты қоныс тойы

 Қуанышты қоныс тойы

1 мамыр күні Ақсу қаласында 102 пәтерлік үй пайдалануға беріліп, олардың ішінде 70 пәтер қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларға берілді. Көп балалы аналарға пәтер кілттерін аймақ басшысы Болат Бақауов табыстады.

– Сіздерді шын жүректен халқымыздың бірлігі күнімен құттықтаймын, – деді ол. – Тұрмыс жағдайы қиын отбасыларға тұрғын үй берудегі басты мақсатымыз – көп балалы отбасылардағы балалардың қамы. Ата-аналар балаларды жайлы жағдайда өсірулері керек. Біз сіздерге ары қарай да жұмысқа орналасу, мектеп пен бала бақшаларда орын алу сияқты мәселелер бойынша көмек көрсететін боламыз. Бәріңіздің отбасыларыңызға бақыт пен береке тілеймін!

Жаңа пәтерлердің иелері қуаныштарын жасырмады. Үйткені, олар бұған дейін тұрғын үй жалдап немесе аядай бөлмелерде тұруға мәжбүр болған еді.

– Мемлекеттің көрсетіп отырған қолдауына алғысым шексіз, – дейді көп балалы ана Елена Хайруллина. – Балаларыммен бірге пәтерден пәтерге көшіп жүруден әбден шараған едік.

Сондай-ақ, осы күні Екібастұзда екі көп балалы отбасы және Ақтоғай, Май және Железин аудандарында төрт көп балалы отбасы қоныс тойын тойлады.  

Облыс орталығындағы Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған мерекелік іс-шаралар таңертеңнен басталды. Қалада ертемен дәстүрлі ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өткізілді. Өңірдің шаруа қожалықтары мен фермерлері жәрмеңкеге 110 тонна түрлі тауар жеткізді.

– Оңтүстіктен әкелінген қырыққабаттың бағасы келісіне 190 теңгені ғана құрайды. – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрлан Сәдібеков. – Түркістан облысында алғашқы қырыққабатты жинап, біздің өңірге жеткізіп жатыр. Енді қырыққабат пен пияздың бағасы төмендейтін болады.

Мерекеге арналған жалпыхалықтық серуен Конституция алаңында өтті. Қалалық мәдениет сарайының жанында құрылған сахнада концерт өткізіліп, аймақ басшысы өңірдің этномәдени бірлестіктеріне 500 мың теңгенің сертификаттарын табыстады.

– 1 Мамыр күні қазақстандық партиотизм мен отансүйгіштіктің мейрамына айналды, – деді облыс әкімі Болат Бақауов. – Ертіс-Баян өңіріндегі тұрақтылық пн ұлтаралық келісімнің сақталып келе жатқаны бәрімізді де қуантпай қоймайды. Қазақстан этникалық дағдарыстан таза аймаққа айналып, әлемге бейбітшілік пен конфессияаралық татулықтың Отаны ретінде танылды.