Павлодарда қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларға көмек көрсетін орталық қызмет етеді

Павлодарда қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларға көмек көрсетін орталық қызмет етеді

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов «2025 жылға дейін халықтың табысын арттыру бағдарламасы» шеңберінде Павлодар облысына жұмыс сапары кезінде көп балалы аналармен кездесіп, «Бақытты отбасы» отбасыларды қолдау орталығының қызметімен танысты.

Өңірде өскелең ұрпақтың дамуына едәуір көңіл бөлініп, көп балалы отбасыларға жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Осылайша, 2022 жылдың сәуірінде «Бақытты отбасы» отбасыларды қолдау орталығы іске қосылған еді. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпованың айтуынша орталық көмекке мұқтаж азаматтарға «бір терезе» қағидаты бойынша әлеуметтік қызметтерді көрсетеді. Орталықтың тағы бір бағыты - қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдарды уақтылы анықтау.

4 ай ішінде 1,5 мың адам кеңес алып, 413 өңір тұрғыны қолдау шараларымен қамтылды. Орталықтың жұмысы кезінде 210 адам жұмысқа орналастырылып, 26 адам кәсіби оқудан өтті және 11 азамат өз кәсібін ашуға шағын несие алды. Жалпы алғанда, жыл соңына дейін «Бақытты отбасы» орталығында үш мыңға жуық адамды әлеуметтік қолдау шараларымен қамту жоспарланып отыр.

Сондай-ақ, Е. Тоғжанов әлеуметтік осал топтар санатындағы әйелдермен және өз кәсібін ашқан көп балалы отбасылармен кездесті. Кәсіпкер әйелдер мемлекеттік қолдау және Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының көмегімен жүзеге асырылған жобалары туралы айтып берді. Мұнда оларға заң мәселелері, сондай-ақ, бизнес-жоспарларды құрастыру бойынша көмек көрсетіледі. Вице-Премьер мұндай бастамалар үлгі алуға тұрады деп есептейді.

«Маңызды әлеует бар. Біз республика көлемінде жүзеге асыруға болатын шынайы мысалдарды көрдік. Мұндай бастамаларды қолдап, дамыту керек» - деп атап өтті ҚР Премьер-Министрінің орынбасары.

2023 жылдан бастап Павлодар облысында «Павлодар облысының ауылдық округтері халқының табысын ауқымды және тиімді арттыру» пилоттық жобасын іске қосу жоспарланып отыр. Жобаның мақсаты ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейі мен экономикалық жағдайын көтеру, - деді Павлодар облысы әкімінің орынбасары М. Өтешов.

Пилоттық жобаны іске асыру үшін атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны жоғары 5 ауылдық округ анықталып, оларда ауыл шаруашылық кооперативтерін құру жоспарланып отыр. Негізгі бағыттар - мал және құс шаруашылықтары, бал арасы мен бақша жидектерін өсіру, өсімдік шаруашылығы мен ауыл шаруашылық өнімдерін өңдеу. Осының арқасында ауылдық жерлерде 350 жаңа жұмыс орындары құрылады.

Табысты арттыру бағдарламасындағы Үкімет жүзеге асыратын шаралар бюджет қаржысын әділ бөлу және табыс деңгейі төмен азаматтарды қолдау арқылы «Әділетті Қазақстан» концепциясын іске асырады.

Біріншіден, Үкімет бюджеттік сала жұмыскерлерінің еңбек ақысын көтеру және әлеуметтік төлемдерді индексациялау бойынша барлық әлеуметтік міндеттемелерді орындайды.

Екіншіден, табысы жоқ азаматтардың жұмыс орындарын құру және біліктіліктерін көтеру, жаңа дағдыларды игеруі арқылы экономикаға әлеуметтік кіріктірілуі, сондай-ақ, еңбекақы деңгейі төмен әлеуметтік осал тұрғындар тобын қолдау Бағдарламаның әлеуметтік бағытталуын нақтылайды.

Үшіншіден, бизнес қауымдастықпен бірлесіп қабылданған еңбекақының айырмашылығын азайтуға және өндірістік персоналдың еңбекақысының артуына бағытталған жүйелі шешімдер білім және біліктілік деңгейін есепке алғандағы аз жалақы төленетін азаматардың санаттарының еңбекақысын көтеруде жекелей (әділетті) көзқарасты қамтамасыз етеді.

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі

Суреттерді түсірген Валерий Бугаев