Павлодар облысының 25 мыңнан астам жоғары сынып оқушылары сұранысқа ие мамандықтар бойынша білім ала алады

Павлодар облысының 25 мыңнан астам жоғары сынып оқушылары сұранысқа ие мамандықтар бойынша білім ала алады

Павлодарда ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен 2025 жылға дейін халық табысын арттыру бағдарламасын жүзеге асыру бойынша жиналыс өтті. Жиынға орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың, даму институттарының, ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың, шағын және орта бизнестің өкілдері қатысты.

Кешенді жоспардың шеңберінде Павлодар облысында мектеп оқушыларын кәсіби бағдарлау экожүйесі құрылды. «Жаңа мамандықтар атласы» - мектеп түлектеріне еңбек нарығында заманға сәйкес қабілеттерді игеруге мүмкіндік береді. Аталмыш жоба білім алушыларға өмірдегі өз орнын табуға бағытталған. Осылайша, өткен оқу жылында 20 мың жоғарғы сынып оқушылары кәсіби диагностикадан өтті. Вице-премьер Бағдарламада жастардың құзыреттілігін дамыту, олардың жұмыспен қамтылуын арттыру, жұмыс істейтін халықтың, оның ішінде, тұрғындардың әлеуметтік осал топтарының дағдыларын дамыту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті.

«Жаңа оқу жылында өңір мектептерінде кәсіби бағыттаушы педагогтың штаттық бірлігі енгізіледі, колледждер мен Өзекті мамандықтар орталығының, оның ішінде, жастардың өкілдерінің жұмысы күшейтіледі. 15 колледжде 15 жаңа мамандық пен 25 жаңартылған бағдарлама бойынша оқыту енгізіледі», - деді облыстық білім беру басқармасының басшысы С.Айтқазина.

Жалпы алғанда, білім берудің үздіксіз моделі болашақ мамандарды өз кәсібін дұрыс таңдауға мүмкіндік береді. Е. Тоғжанов «Жаңа мамандықтар атласы» түлектер мен жұмыс берушілер үшін басты бағдар болатынын атап өтті. Өңірде жүзеге асырылып жатқан пилоттық жоба еліміздің басқа облыстары үшін табысты мысал болуы керек.

Қазіргі кезде өңірде «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін және бес мыңға жуық адамды, оның ішінде NEET жастарын қамтитын 14 Өзекті мамандықтар орталығы қызмет етеді. Осы санаттағы екі жарым мыңға жуық жастар өңірдегі ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарда тағылымдамадан өтеді.

«Сонымен бірге, өңірде Мобильді жұмыспен қамту орталықтары құрылған. Шалғай ауылдарға 237 шығу сапарлары ұйымдастырылып, 9 мың адам кеңестермен қамтылды. Жыл басынан бері облыста 10 мың жұмыс орны құрылса, олардың жартысынан көбі - 54% – тұрақты жұмыс орындары. Жұмыспен қамту орталықтарының жұмысы HR-агенттіктерге сәйкестендіріліп қайта құрылды», - деп атап өтті Павлодар облысы әкімінің орынбасары А. Құрманова.

«Бағдарлама, ең алдымен, халықтың табысын арттыруға және нәтижелі жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге бағытталған. Жалпы алғанда, өңдеу өнеркәсібінде 126 мың жаңа жұмыс орындары құрылатын 713 жоба жүзеге асырылады. 50 ірі кәсіпорындардың жанынан шағын және орта бизнес белдеулері құрылады. Бұл кәсіпкерлік субъектілерінің табысын арттыруға, тауарларды кепілді түрде сатуға, өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді», - деді Ералы Тоғжанов.

Жалпы алғанда, 2022 жылы елімізде 165 инвестициялық жобаны іске асыру есебінен 16,3 мың жаңа жұмыс орындарын құру жоспарланып отыр. Ең басты өсім Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында күтілуде.

Жыл басында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Екібастұздағы балалармен болған жағдайға байланысты Е. Тоғжанов өңірге келген еді. Нәтижесінде қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларға кешенді қолдау көрсетуді қамтамасыз ету бойынша тапсырмалар берілді. Қазіргі кезде облыс әкімдігіндегі Жағдаяттық орталықта отбасының әлеуметтік статусы туралы деректерді пилоттық режимде нақты көруге болады. Жобаны еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жүзеге асырып, еліміздің барлық өңірлерінде апробациядан өткізеді. Павлодар облысы - жобаны проактивті форматта жүзеге асыру деңгейі жоғары өңірлердің бірі. Жұма күні Үкіметтің цифрлық кеңсесінің базасында Отбасының цифрлық картасы іске қосылады.

Жиналыстың қорытындысы бойынша Е. Тоғжанов бірқатар тапсырмалар берді. Оқу-ағарту министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың әкімдіктерімен бірлесіп Жаңа мамандықтар атласын енгізуді жалғастыруы керек. Вице-премьер бағдарламаны жүзеге асыру тұрақты бақылауда екенін атап өтті.

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі

Суреттерді түсірген Валерий Бугаев