
Облыс орталығында абаттандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Сонымен қатар, қаланың 12 көшесінде асфальт жабыны жаңартылуда. Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов жолдарды жөндеу және басқа да жобаларды іске асыру барысымен танысты.
Жөнделіп жатқан жолдардың жалпы ұзындығы - 25 км, оның 14 шақырымында жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Қазіргі кезде Бұқар жырау көшесінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Облыс әкімі жұмыстарды 1-қыркүйекке дейін аяқтауды тапсырды.
«Тұрғындарға қолайсыздық туғызбау үшін жолдарға ағымдағы жөндеуді кешіктірмеу керек. Жаз қысқа, сондықтан, бұл іске жұмыла кірісу керек. Жөндеуді жаңа оқу жылы басталғанға дейін аяқтауды тапсырамын», - деді Әбілқайыр Сқақов.
Сондай-ақ, С.Нұрмағамбетов көшелерінде, Қ. Қамзин көшесінен Қ. Сұрағанов көшесіне дейін ұзындығы 500 метрден асатын шаруашылық-ауыз су мақсатындағы (ШАС-500) құбырларды күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Мұнда желілерді жөндеу жарты ғасырға жуық жүргізілмеген. Аталған объектідегі жұмыстар аяқталуға жақын, тұтынушыларды сумен жабдықтау қалпына келтіріледі.
Қаланы абаттандыруға көп көңіл бөлінеді. Қазіргі уақытта Екінші Павлодар шағын ауданындағы Литвинов көшесіндегі скверге ағымдағы жөндеу жүргізілуде. Жоба бойынша шағын футбол алаңын, воркаут және балалар алаңдарын, мәрмәр орындықтар мен урналар орнату, сондай-ақ 2 мың шаршы метрге жуық брусчатка төсеу көзделген. Қазір осы жерде дайындық жұмыстары жүргізілуде.
«Бұл тұрғындар сұраған көптен күткен жоба. Екінші Павлодарда демалуға және серуендеуге арналған орындар болған жоқ. Енді ең бастысы бәрін сапалы әрі уақытылы жасау керек», - деді облыс әкімі.
Жұмыс сапарының соңында Әбілқайыр Сқақов Мәшһүр Жүсіп көшесі, 286 мекен-жайы бойынша орналасқан үйдің ауласындағы балалар алаңының жөнделу барысымен танысты. Өңір басшысы «Дисконт» ӨК мердігерлік ұйымына барлық жұмыстарды сапалы және белгіленген мерзімде орындауды тапсырды.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев