
Әбілқайыр Сқақов республикалық спартакиадада жалпыкомандалық үшінші орынды жеңіп алған мемлекеттік қызметшілерді Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттармен марапаттады.
12-17 шілде аралығында Петропавл қаласында мемлекеттік қызметшілер арасындағы республикалық спартакиада өтті. Олар спорттың 7 түрінен волейбол, шағын футбол, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, жүзу, қазақ күресі және бильярдтан сайысқа түсті. Спартакиадаға он алты облыс пен республикалық маңызы бар үш қаланың атынан бес жүзден астам мемлекеттік қызметші қатысты.
Облыс әкімі аймақ құрамасының мүшелерін құттықтап, алдағы уақытта да табыстарға жетулерін тіледі.
«Қазіргі заманғы мемлекеттік қызметшілер заманауи ортаға тән қасиеттерге ие болуы тиіс. Біз спорт саласындағы биіктерге жету үшін жоғары мақсаттар қоямыз. Біздің мемлекеттік қызметшілер спорт саласында жағымды үлгі көрсеткені қуантады», - деді Әбілқайыр Сқақов.
Волейболдан және «тоғыз-құмалақ» ұлттық ойынынан мемлекеттік қызметшілер құрамасы жалпыкомандалық бірінші орынға ие болды. Үстел теннисінен өткен жарыста өңірдің мемлекеттік қызметшілері екінші орынға табан тіреді. Бұл жетістіктер аймақ құрамасына спартакиада қорытындысы бойынша жалпыкомандалық үшінші орынға қол жеткізуге мүмкіндік берді. Батыс Қазақстан облысының құрамасы жеңімпаз атанса, екінші орынды Ақтөбе облысының мемлекеттік қызметшілері жеңіп алды.
Айта кету керек, спартакиада қорытындысы бойынша ҚР МСМ-ің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті өңірлердегі спорт саласын дамыту рейтингін қорытындылайды.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев