Павлодар облысында 114 мың га пайдаланылмайтын жер мемлекеттік меншікке қайтарылды

Павлодар облысында 114 мың га пайдаланылмайтын жер мемлекеттік меншікке қайтарылды

Мұндай нәтиже мемлекеттік органдар мен "Аманат" партиясының бірлескен күш-жігерінің арқасында мүмкін болды. Пайдаланылмайтын және заңнаманы бұза отырып берілген жерлерді алып қою бойынша республикалық және өңірлік деңгейдегі арнайы жұмыс комиссиялары құрылды.

Сондай-ақ, Amanat партиясының жанында пайдаланылмайтын және заңсыз берілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекеттік меншікке қайтару мәселелерімен айналысатын "Жер аманаты" комиссиясы жұмыс істейді.

Комиссия төрағасы Дәулет Кәрібектің айтуынша, Мемлекет басшысы жерді ұтымды пайдалану және пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекеттік меншікке қайтару үдерістеріне бақылауды күшейту қажеттігін ерекше атап өтті.

– "Жер аманаты" комиссиясының міндеті-пайдаланылмайтын, соның ішінде заңсыз жеке меншікке өткен жайылымдарды мемлекетке қайтаруға көмектесу және оларды ауыл тұрғындары үшін қолжетімді ету. Олигополия тек орталық деңгейде ғана емес, әрбір ауданда да бар екені жасырын емес, сондықтан алда үлкен жұмыс күтіп тұр, - деді Дәулет Кәрібек.

Павлодар облысының Жер ресурстарын басқару департаменті ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмайтын жерлер бойынша жоспардан тыс тексерулер жүргізеді. Қалалар мен аудандардың әкімдіктері ауыл шаруашылығы жерлеріне мониторинг жүргізуде.

Сонымен қатар, пайдаланылмайтын жерлерді анықтауға, әрбір учаскені тексеруге және тиісті баға беруге мүмкіндік беретін космомониторинг пайдаланылады.

Бірлескен жұмыс нәтижесінде пайдаланылмай жатқан 114 мың га жер мемлекеттік меншікке қайтарылды, енді олар ауыл тұрғындары үшін қолжетімді.