Павлодар облысының әкімі өңір полицейлерін мерейтоймен құттықтады

Павлодар облысының әкімі өңір полицейлерін мерейтоймен құттықтады

Бүгін қазақстандық полицияның құрылғанына 30 жыл толды.

Әбілқайыр Сқақов Ардагерлер саябағында гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты. Тәуелсіздік жылдары қызметтік борышын орындау кезінде 814 тәртіп сақшысы, олардың ішінде, облыстың тоғыз полицейі қаза тапты. Әріптестері батырларды бір минут үнсіздікпен еске алып, мемориалға гүл шоқтарын қойды.

Мәдениет сарайында өткен салтанатты шарада облыс әкімі полицейлерді мерекемен құттықтап, тәртіп сақшыларына ерен қызметі үшін алғысын білдірді.

- Бүгін Қазақстан полициясына отыз жыл толып отыр, мен сіздерді осы айтулы күнмен шын жүректен құттықтаймын, - деді өңір басшысы. - Сіздер  әрдайым көмекке келіп, қоғамдық тәртіп пен азаматтарды қорғайсыздар  

Әбілқайыр Сқақов полиция жұмысының сервистік модельге көшкенін атап өтті. Полицейлер отбасыларының әлеуметтік жағдайлары мен тұрғын үй мәселесі шешіліп келеді. Екі жыл ішінде сексенге жуық қызметтік автокөлік сатып алынды. Полицейлердің жанқиярлық қызметінің арқасында қылмыстардың ашылу деңгейі артып, саны азайып келеді.

Өңір басшысы ҚР ІІМ құрметті ардагері, отставкадағы полковник Ертағай Әбікеев пен «Динамо» қоғамы төрағасының бірінші орынбасары Абай Мәмбетовті көп жылғы мінсіз қызметі үшін «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапаттады. Алты полицей облыс әкімінің Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттарымен наградталды.

Ішкі істер министрінің бұйрығымен қызметтік міндеттерін адал атқарғаны және жұмыстағы жоғары көрсеткіштері үшін үш полицей мерзімінен бұрын әскери атақ алды.

Марапаттау шарасының соңы концертке ұласты. Көрермендер полиция департаменті хорының және Иса Байзақов атындағы облыстық филармония әртістерінің орындауындағы әндерді тыңдады.

 

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі

Суреттерді түсірген Валерий Бугаев