Павлодар облысының әкімі Аққулы ауданының шалғай ауылдарына барды

Павлодар облысының әкімі Аққулы ауданының шалғай ауылдарына барды

Аққулы ауданына жұмыс сапары барысында аймақ басшысы Шақа, Бесқарағай және Малыбай ауылдарына барды.

Облыс әкімімен кездесу барысында Шақа ауылдық округінің тұрғындары жолды асфальттау мәселесін шешуді сұрады. Олар отыз жыл бойы қиыршық тас жолмен республикалық магистральге жетуге мәжбүр болды.

Әбілқайыр Сқақов бұл мәселе биыл шешілетінін айтты. Аймақ билігі аудандық жолдың грейдер учаскелерін асфальттауға қаражат бөлді.

- Аққулы ауданында жалпы ұзындығы елу шақырымнан асатын жолдарды асфальттау бойынша екі ірі жоба іске асырылады, - деді облыс әкімі. - Аудан әкіміне осы жобалардың іске асырылуын бақылауға алуды тапсырамын.

Сонымен қатар, ауыл тұрғындарын Майқарағай және Шоктал ауылдарынан Шақа ауылындағы мектепке балаларды жеткізуге керек автобус пен фельдшерлік-акушерлік пункттің болмауы мазалайды.

Белгілі болғандай, ФАП мәселесін шешу үшін, ең алдымен, оған қажетті ғимаратты анықтап, оны сатып алу, жөндеу және кадрлармен қамтамасыз ету қажет. Облыс әкімінің айтуынша, оған дейін Шақаға шалғай ауылдардың мұқтаждықтары үшін сатып алынған бес мобильді медициналық кешеннің бірі жіберіледі. Мектеп автобусы мәселесіне келетін болсақ, Әбілқайыр Сқақов аудан басшылығына балаларды тасымалдау мәселесін шешуді тапсырды

Малыбай ауылында Әбілқайыр Сқақов өткен жылғы кентішілік жолдарды күрделі жөндеу нәтижелерін тексерді. «Ауыл - Ел бесігі» жобасы аясында мұнда ауылдық клуб жөнделіп, төрт көше асфальтталды. 

Сонымен қатар, он сегізінші мамырдан бастап Аққулы ауданынан масалар мен шіркейлерге қарсы өзендегі өңдеу жұмыстары басталды. Препарат өзендегі сегіз орыннан құйылып, өңдеу желісінің ұзындығы бір мың шақырымнан асады.

Облыс әкімі «QSM Engineering» ҚБ мердігерінің жұмысын және «Бактицид» препаратын қолдану технологиясын жеке тексерді.

- Масалардың көптігінен жұмыстың нәтижесі көрінбейді. Сондықтан өңдеуде кемшіліктер бар. Бұл бағыттағы жұмысты күшейту қажет, - деді Әбілқайыр Сқақов.

Аймақ басшысы аудандағы өңдеу технологиялары мен аралықтарын сақтаудың маңыздылығын атап өтті.