Ерліктеріңіз бен еңбектеріңіз үшін шексіз алғыс: Павлодар облысы әкімінің ардагерлермен кездесулері жалғасуда

Ерліктеріңіз бен еңбектеріңіз үшін шексіз алғыс: Павлодар облысы әкімінің ардагерлермен кездесулері жалғасуда

Әбілқайыр Сқақов өңір аудандарын аралап, ардагерлермен кездесулерін жалғастырып жатыр. 4-мамыр күні аймақ басшысы Шарбақты ауылындағы Ефим Петренконы, Железин ауданының Михайловка ауылында тұратын Кузьма Чуйкинді және Павлодар ауданы Сычёвка ауылының тұрғыны Мария Матюшинаны мерекемен құттықтады.

Ардагер Ефим Петренконың бір ғасырдан астам уақыт жасағанына қарамастан жадысының мықтығына таңдануға тұрарлық. Биылғы жылдың 25-қазанында ол жүз беске келеді. Әбілқайыр Сқақов ардагерге мықты денсаулық пен күш-жігер тіледі.

- Сізге Павлодар облысының барлық тұрғындарының атынан көп рахмет айтқым келеді, - деді аймақ басшысы. - Соғыстағы ерлігіңіз бен бейбіт өмірдегі еңбегіңіз үшін шексіз алғысымды білдіремін.

Ефим Петренко Цурюпин (Шарбақты) ауданының Новосёловка ауылында дүниеге келген. Өткен ғасырдың отызыншы жылдарының басында оның отбасы аштықтан бас сауғалап, Магнитогорскке көшіп барады. Кейін, 1932 жылы Петренколар отбасы Шарбақты ауданына қайта оралады.

1939 жылы армия қатарына шақырылған соң Ефим Петренко артиллериялық топографиялық-геодезиялық барлаушының курстарынан өтеді. Ефим Емельянович кеңес-финн соғысына қатысқан. 1941 жылдың мамыр айында ол 471-ші артиллериялық гаубицалық полктің құрамында Киев әскери округінде қызмет етеді. Ефим Петренко топограф барлаушылардың бөлімшесінде көптеген ұлттардың өкілдері қызмет еткенін айтты.

- Біздің барлаушылардың қатарында қазақ, гурзин және татар азаматтары болды, - деді ардагер. - Өзара өте тату болдық, әрқашан бір-бірімізге кез келген істе көмегімізді аямайтын едік.

Соғыс басталған соң Ефим Петренко Вязьма қаласының түбіндегі шайқастарға, Мәскеуді қорғауға қатысады. 1943 жылдың наурыз айында ауыр жарақат алып, оған мүгедектік беру туралы әскери комиссияның қорытындысы шыққан соң туған елге оралады. Шарбақтыда Ефим Емельянович аудандық байланыс бөлімшесі бастығының көмекшісі болып жұмыс істейді. Соғыстағы топография дағдылары оған жер өлшеуші болып жұмыс істегенде көп септігін тигізеді. Ефим Петренко 1946-1977 жылдар аралығында жер учаскелерін жоспарлап, кеңшарларды құрумен айналысады.

Михайловка ауылының тұрғыны әрі Железин ауданының Құрметті азаматы Кузьма Чуйкин келесі жылыдң қазан айында жүз жасқа келеді. Ол 1942 жылдан бастап Қалмақ даласын, Ростов, Харьков және Донецк облыстарын азат етуге қатысқан. Бейбіт кезеңде тракторшы және агроном болып еңбек етті. Ардагер еңбек еткен адам барлық қиындықтарды жеңетінін айтты.

- Бәріміз адал еңбек етсек, өміріміз де жақсарады, - деді Кузьма Чуйкин. - Жер бетіндегі барлық адамдарға денсаулық пен жақсылық тлеймін.

Сычёвка ауылында тұратын Мария Матюшина майданда қорғаныс бекіністерін құрумен айналысты. Ол он алты жасында Новомосковск қаласынан алдыңғы шепке өз еркімен сұранып барады. 1943 жылдың ақпан айынан бастап Мария жолдастарымен окоптар қазып, дзоттарды бекітумен айналысады. Жеңіс күнін Мария Алексеевна Мурманск қаласында қарсы алады. Южно-Сахалинск қаласында болашақ жары Матюшин Георгийді кездестіріп, отбасын құрады. Матюшин Георгий екінші дүниежүзілік соғыстың басынан аяғына дейін барлық кезеңдеріне қатысқан. Елуінші жылдары Қазақстанға тың игеруге келген Матюшиндер отбасы Железин ауданының Үрлітүп кеңшарының Октябрь ауылына қоныстанады. Мария Алексеевна қырмандағы дәнді ұшырып және кептіріп, фермада бұзау мен қозыларды бағады. Ардагердің Александр, Валерий және Виктор есімді ұлдары ұзақ жылдар автопеозд, грейдер, басқа да ауыр жүк техникасының жүргізушілері болып еңбек еткен. Галина есіимді қызы Павлодар педагогикалық училищесін аяқтап, зейнеткерлік демалысқа шыққанға дейін бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек етті. Мария Алексеевнаның 11 немересі, 28 шөбересі және 2 шөпшегі бар.

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев және Константин Музалевский