
Өңірде террористік және экстремистік сипаттағы қылмыстары үшін жазасын өтеп жатқан адамдарды дерадикализациялау жөніндегі жоба іске асырылуда.
Бүгін облыс әкімі Әбілқайыр Сқақовтың Біріккен Ұлттар Ұйымы Басқармасының Орталық Азиядағы өңірлік өкілдігінің делегациясымен кездесу барысында жазасын өтеген адамдарды қоғамның толыққанды мүшелеріне айналуының маңыздылығы талқыланды. Павлодар облысының әкімі шетелдік қонақтарды жылы шыраймен қарсы алды.
- Ең алдымен, біздің бірлескен жобамыздың іске асырылу барысын қарап көруге уақыт бөлгендеріңіз үшін алғысымды білдіремін, - деді облыс әкімі. -Біз пенитенциарлық мекемелердің материалдық-техникалық базасын, жазасын өтеп жатқан адамдардың жағдайларын жақсарту үшін жұмыс жүргіздік. Біз оларға мамандық беру, жұмысқа орналастыру арқылы жазасын өтеген адамдарды қоғамға одан әрі интеграциялауда оң өзгерістерді көріп отырмыз.
Жазасын өтеушілерге жиһаз жасауға берілетін тапсырыстардың ауқымды көлемін алуға мүмкіндік беретін мекеменің жиһаз цехына пішу станогы сатып алынды. АП-162/3 мекемесінде жылу трассасына жөндеу жүргізіліп, балалар бөлмелері мен психологиялық релаксаця кабинеттерінде жылы еден жабындары төселді және тоғыз жүз шаршы метрге жуық шатыр аумағына жөндеу жүргізілді.
Шетелдік делегацияның өкілдері облыс басшылығының сотталғандарға жасалған жағдайларын одан әрі жақсартудағы жұмысын жоғары бағалады. Атап айтқанда, БҰҰ-ның Орталық Азиядағы есірткі және қылмыстар жөніндегі басқармасының өңірлік өкілі Ашита Миттал бірлескен жобаның нәтижелері халықаралық өзара іс-қимылдың жақсы үлгісі екендігін атап өтті.
- Біз пенитенциарлық мекемеге барып, түрме әкімшілігінің жазасын өтеп жатқандарға қандай қамқорлық жасап жатқанын көрдік, - деді Ашита Миттал.
Сондай-ақ, елші, Еуропалық Одақтың Қазақстандағы Өкілдігінің Басшысы Кестутис Янкаускас және Нидерланды Корольдігінің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Андре Карстенс жобаның нәтижелеріне қанағаттанушылық білдірді.
Кездесу соңында Әбілқайыр Сқақов жазасын өтегендерді бейімдеу тек қылмыстық-атқару жүйесі органдарының ғана міндеті емес екенін атап өтті. Бұл күрделі мәселеде барлық уәкілетті мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың ынтымақтастығы керек. Бұл үшін оларды одан әрі жұмысқа орналастыру және тұтастай әлеуметтендіру үшін жағдай жасау қажет.