
АҚШ-тағы ең ірі азық-түлік трейдері павлодарлық картопты алыс шетел нарықтарына жеткізуге ниетті. Бұл туралы аймақ басшысы Әбілқайыр Сқақовтың «Champion Foods» компаниясының вице-президенті Джонатан Бурингпен кездесуі барысында белгілі болды.
Өңір басшысы инвесторға еліміздегі картоптың үштен бірі Павлодар облысында өсірілетінін айтты.
- Павлодарлық картоп - тек Қазақстанда ғана емес, одан тыс жерлерде де танымал бренд, - деді облыс әкімі. - Біздің облыс жыл сайын 600 мың тоннаға жуық азық-түлік картопын өндіреді, бұл өңір қажеттілігінен жеті есе артық. Біз картопты сапалы сақтау үшін барлық жағдайды жасаймыз. Барлық картоп қоймаларының қуаты төрт жүз мың тоннадан асады. Облыста 4 тұқым өсіру шаруашылығының болуы жоғары сапаны қамтамасыз етеді. Басты басымдықтардың бірі өндірілетін өнімді қайта өңдеу болып табылады.
«Kazakh Invest» ұлттық компаниясының АҚШ-тағы өкілі Ғалымжан Матаев «Champion Foods» компаниясының Луизиана, Техас қалаларында, АҚШ-тың портты қалаларында, сондай-ақ Қытайда, Үндістанда және Парсы шығанағы елдерінде азық-түліктердің алдыңғы қатарлы жеткізушісі болып табылатынын хабарлады.
- Қазіргі уақытта компанияның тапсырыс қоржыны 2 миллиард доллардан асады,-деді Ғалымжан Матаев. - Осы компаниямен байланыс орнатудың негізгі мақсаты - Қазақстаннан ауыл шаруашылығы өнімдері мен картопты қайта өңдеуді және жүйелі экспорттауды ұйымдастыруға дайын болды.
Америкалық компания Қазақстаннан алыс шетел нарықтарына логистикалық бағдарлар орнатуға мүдделі. Джонатан Бурингтің айтуынша, қазір әлемдік азық-түлік нарығының қарқынды дамуы жүріп жатыр.
- Біз павлодарлық картоптың климаттық жағдайлары мен сапалық параметрлерінің біздің кейбір штаттармен ұқсастығын атап өттік, - деді Джонатан Буринг. - Осыған байланысты біз Павлодар облысының өнімдерін шет елдерге саудасы мен маркетингін жолға қоюға дайынбыз.
Әбілқайыр Сқақов Павлодар облысының үлкен су арнасының бойында орналасуының өңірлік ерекшелігін атап өтті. Әкім Ертіс өзенінің облыс аумағындағы ұзындығы 720 километрді құрайтынын айтты.
Аймақ басшысының айтуынша, суармалы егіншілікке, оның ішінде картоп шаруашылығына көшу дамудың жаңа мүмкіндіктерін ашады.
- Облыстың суармалы егіншілік саласындағы әлеуеті 350-400 мың гектар жерді құрайды, - деді облыс әкімі.- Біздің облыста еліміздегі ең үлкен 10 мың гектарға жуық суармалы алқап массиві бар.
Өңір басшысы компания вице-президентіне жергілікті билік ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу және экспорт желісін кеңейту бойынша бірлескен жобаларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екендігіне сендірді.