Павлодар облысында 400 шақырымнан астам жол жөнделеді

Павлодар облысында 400 шақырымнан астам жол жөнделеді

Жөндеу жұмыстары сапалы жолдардың үлесін 93 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен жиында жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қанат Кашкиров мәлімдеді.

 

Оның айтуынша, биыл өңірде жалпы ұзындығы 412 шақырымды құрайтын автомобиль жолдарын жөндеу бойынша 72 жобаны іске асыру жоспарланған. Оның ішінде 25 шақырым облыстық маңызы бар, 240 шақырым аудандық маңызы бар жолдар және 147 шақырым елді мекендердің көшелері бар.

 

Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов ауылдардың кіреберіс жолдарын жөндеу қажеттігін ерекше атап өтті. Алайда, Қанат Қашкиров мұндай жобаларды салалық министрлік олардың төмен құнына байланысты басым жобалар ретінде қарастырмайтынын айтты.

        

- Біз басымдықты адамдарға беруіміз керек, - деді оған Әбілқайыр Сқақов. - Аудандық маңызы бар жолдардың құрылымында кіре беріс жолдар - ең маңызды көрсеткіш. Кіре беріс жолдарға ешқашан дұрыс көңіл бөлінген емес. Сондықтан ауылдармен арадағы көлік байланысы да нашар. Осы мәселе бойынша шешім ұсынып, құжаттаманы дайындаңыз.

 

Жұмыстардың басым бөлігі  «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша жүзеге асырылады. 29 жоба бойынша жалпы ұзындығы 69 шақырымды құрайтын 15 ауылдық елді мекендегі көшелер орташа жөндеуден өтеді.

                  

Сондай-ақ, кеңес барысында Қанат Кашкиров облыс аудандарында көлік жүретін бөлікті қамтамасыз етуге және сақтауға мүмкіндік беруі тиіс  нормативтік қаржыландырудың жоқтығы туралы хабарлады. Норматив бойынша жылына 1 километр жолға 1 млн теңге бөлу керек болса, қалалар мен аудандардың әкімдіктері жылына 1 километрге орта есеппен 160 мың теңге бөледі.

        

Өңір басшысы облыстың қалалары мен аудандары бойынша жолдардың жағдайы және оларды күтіп ұстауға қаражат бөлу туралы толық ақпарат қамтылған карта әзірлеуді тапсырды.

 

- Қалпына келтіру жұмыстарының қарқыны жол төсемінің бұзылу қарқынынан асып түсуі керек, - деді Әбілқайыр Сқақов. - Сондықтан қай әкімдер жөндеу жұмыстарына уақытылы қаражат бөлмейтінін көрсетіңіз.  Жыл сайын қыруар қаражат бөлгенмен, жолдардың сапасын жақсарта алмай келеміз. Қаржыны құмға сіңгендей қылмау үшін арнайы картаны құру керек.

        

Облыс әкімі «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы өкілдеріне жаздың соңына дейін Павлодар - Нұр-Сұлтан тас жолының 24 шақырымдық учаскесін жөндеу жұмыстарын толық аяқтауды міндеттеді. Сонымен бірге, ол қалалар мен аудандардың әкімдеріне жолдарды салу және жөндеу барысында су тасқыны кезеңіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін су бұру құбырларын монтаждауды жоспарлауды тапсырды.