
Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов Қазақстан электролиз зауытына жұмыс сапарымен барды. Ол кәсіпорынның қызметімен танысып, зауыт ұжымымен кездесу өткізді.
Өңір басшысы алюминий электролизі цехының құю учаскесінде бастапқы алюминийді таразылаудың автоматты жүйесінің жұмысын қарады. Зауыттың өндірісті автоматтандыру және байланыс цехының бастығы Александр Слюсаренко бұл жүйе іске қосу-реттеу жұмыстары аяқталғаннан кейін жұмыс істей бастайтынын айтты.
- Автоматты өлшеу жүйесі пакеттің салмағы, балқыту нөмірі, партия туралы ақпаратты лазермен жазып, оны жүйеге енгізеді, - деді Александр Слюсаренко. - Бұл өндірісті цифрландыруға жасалған қадам.
Еңбек ұжымымен кездесуде Әбілқайыр Сқақов электролиз зауытының ел экономикасы үшін жоғары маңыздылығын атап өтті.
- Біз экономиканың өзін-өзі қамтамасыз етуінің жаңа деңгейіне шығуымыз керек, - деді облыс әкімі. - Біздің елімізде шикізат базасы емес, дайын өнім жинақталуы қажет. Өңір басшысы мысал ретінде «Павлодар»АЭА аумағындағы алюминий радиаторлары мен автомобиль дискілерінің өндірісін атап өтті.
Әңгімелесу барысында электролиз зауытының қызметкерлері қаланы абаттандыру, жолдарды жөндеу, білім беру объектілерінің қолжетімділігі туралы білгісі келді.
Телефон байланысының электр монтері Татьяна Каценко жаңа тұрғын үйлер салу жоспарлары туралы айтып беруді сұрады. Әбілқайыр Сқақов Сарыарқа және Достық шағын аудандарының, сондай-ақ «Спорт сити» қалашығының аумағындағы «Жастар» шағын ауданының дамуы туралы егжей-тегжейлі тоқталды.
- Жастар шағын ауданы жоспарланған, ол әлі басталған жоқ.. «Достық» шағын ауданын әуежай айналма жолына дейін салу жоспарлануда, - деді өңір басшысы. - Мұнда мектеп, клиникалық аурухана және спорт кешені салынады.
«Жастар» шағын ауданында 10 мың шаршы метр тұрғын үй, жалпы орта білім беру мектебі, балабақша, сауда орталықтары салынады. Тұрғын үйлерді салу кезінде мемлекеттік-жеке меншік әріптестік тетіктерін қолдану жоспарланып отыр.
«ҚЭЗ» АҚ-ң директоры Серік Дөңбекбаев «ERG» компаниялар тобының тұрғын үй бағдарламасы туралы айтып, қазіргі уақытта тұрғын үй құрылысына арналған аумақты іздестіру жүргізіліп жатқанын атап өтті. Компания салған үйлердегі пәтерлер алюминий және электролиз зауыттарының қызметкерлеріне арналған.
Зауыт қызметкері Елдос Жұмабек орталық жағалауды жөндеу және «Ertis Promenade» концерттерін өткізу жоспарлары туралы сұрады. Әбілқайыр Сқақов жағалауды ағымдағы жөндеуге қаражат бөлінгенін хабарлады.
- Сондай-ақ, Усолка шағын ауданының жағалауын қайта жаңарту жоспарлануда, - деді облыс әкімі. - Болашақта оны орталық жағалаумен байланыстыру жоспарда бар.
Кездесу соңында Әбілқайыр Сқақов өңір тұрғындарымен диалогқа әрдайым дайын екенін атап өтті. Жерлестерімен қарым-қатынас жасау үшін аймақ басшысы азаматтарды жеке қабылдаулар, аудандар мен қалаларға сапарларға шығу, әлеуметтік желілердегі жеке аккаунттары сияқты түрлі алаңдарды пайдаланады.