
Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов Ертіс ауданының тұрғындарымен жаңа форматта кездесу өткізді. Аудан халқы өңір басшысына өздерін толғандырған мәселелер туралы сұрақтар қойды.
Өңір басшысы аудандық мәдениет үйіне жиналған азаматтарға өңірді дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс білдірді. Ол Ертіс ауданы Павлодар облысының басты астық қоймасы болып табылатынын атап өтті.
- Ауданда өңірде өсірілетін егіннің үштен бір бөлігі жиналады, - деді Әбілқайыр Сқақов. - Мұнда ауыл шаруашылығы техникасының ең ірі паркі орналасқан.
Аймақ басшысы кездесуден бір апта бұрын жаңа формат бойынша ауданға салалық басқарма басшылары келгенін атап өтті.
- Ауданның барлық 27 ауылының тұрғындарынан 67 сұрақ келіп түсті, - деді Әбілқайыр Сқақов. - Олардың көпшілігі инфрақұрылымдық даму мен әлеуметтік-тұрмыстық проблемаларға қатысты.
Аудан әкімінің айтуынша, тұрғындар көтерген мәселелер жүйелі сипатқа ие. Олардың қатарында ТҮКШ, жолдарды жөндеу, әлеуметтік сала және жұмысқа орналастыру мәселелері бар.
Аудандағы облыстық жолдардың жалпы ұзындығы 153 шақырымды құрайды. Биыл Панфилов және Бестөбе ауылдары арасындағы отыз шақырым жол жөнделеді. Тұрғындардың өтініштері бойынша облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы аудан орталығынан Ертіс станциясына дейінгі жолды жөндеуге ЖСҚ әзірлеп жатыр.
Жалпы ұзындығы 247 шақырымды құрайтын аудандық маңызы бар жолдар да жөнделуде. Өткен жылы аудан билігі Голубовка-Қызылқақ, Сілеті-Қызылағаш, Иса Байзақов-Майқоңыр ауылдары арасындағы 26 км-ден астам жол төсемін ауыстырды.
Сондай-ақ, тұрғындар ауылдардың кіре беріс жолдарын жөндеуді сұрайды.
- Өткен жылы Ағашорын және Ынтымақ ауылдарына кіреберіс жолдар асфальтталды, - деді Аян Бейсекин. - Биыл қаражаттың бөлінуіне қарай Ленино, Қызылағаш және Бұланбай ауылдарына апаратын жолдарды жөндейміз. Оған қажетті жобалық-сметалық құжаттама дайын.
Сонымен қатар, Ертіс ауданының тұрғындары шалғай ауылдардағы ұялы байланыс мәселесін шешуді сұрайды. Сондай-ақ, адамдарды орталықтандырылған сумен жабдықтауға қол жеткізу алаңдатады. Аян Бейсекин ауданда сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету деңгейі 98 пайызды құрайтынын атап өтті.
- Ауданның 27 ауылының он алтысында орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесі бар, - деді аудан әкімі. - Біз ЖСҚ әзірлеп, Қызылқақ, Қосағаш және Ұзынсу ауылдарында орталық су құбырын жүргізу үшін республикалық бюджеттен ақшалай қаражат бөлуге өтінім бердік.
Аймақ басшысымен диалогтық сессия барысында аудан тұрғындары жолдарды, иесіз ғимараттарды және қаңғыбас жануарларды ұстау бойынша сауалдар қойды.
Қосағаш ауылының тумасы Тимофей Евтушенко шалғындар мен қайың шоқыларының сақталуына алаңдаулы.
- Біз әлі күнге дейін қайың шоқтарын арнайы реестрге енгізуге қол жеткізе алмадық, - деді Тимофей Евтушенко. - Олардың иесіз қалу мәселесін заңнамалық деңгейде шешу қажет.
Өңір басшысы ардагерді қолдады.
- Біз орман қоры ретінде қайың шоқыларын қорғауды бекіту үшін Экология министрлігі мен Мәжіліске жүгінеміз, - деді Әбілқайыр Сқақов. - Ормандар - экологиялық жүйенің халыққа тиесілі бөлігі және біз оны болашақ ұрпаққа бұзылмаған күйінде тапсыруымыз керек.
Ағашорын ауылының тұрғыны Бекбай Абдраисов орталық су құбырын өткізгені үшін мемлекетке алғыс айтты. Сонымен қатар, ол судың текше метрі үшін төленетін соманың өскенін атап өтті.
- Ағашорын ауылының тұрғындары бір текше метр су үшін 244 теңге төлейді. - деді Бекбай Әбдірайысов. - Бұл топтық су құбыры қызметін пайдаланатын тұрғындар төлегеннен әлдеқайда көп.
- Орталық су құбыры бар ауылдарға субсидия бөлу мәселесін орталық деңгейде шешу қажет, - деді Әбілқайыр Сқақов. - Сонымен қатар, сумен жабдықтау жүйесіне күтім жасайтын кәсіпорынды бекіту керек.
Өңір басшысы 2020 жылы «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы бойынша Ағашорында ауылдық клуб пен кіреберіс жол жөнделіп, көшелерге жарық шамдары орнатылғанын атап өтті.
Кездесу соңында облыс әкімі Ертіс ауданы азаматтарының жеке қабылдауын өткізді. Сонымен қатар, ол облыстық «ERTIS» телеарнасының тілшілеріне сұхбат беріп, жаңа форматтағы кездесудің негізгі қорытындылары туралы айтып берді.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев