
Биыл Ертіс ауданында бірден алты мектепке күрделі жөндеу жүргізіледі. Облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов Ертіс ауылының №1мектебінде ауданның білім беру жүйесін дамыту жоспарымен танысты.
Аудан әкімі Аян Бейсекин тиісті конкурстық рәсімдер аяқталғанын және мердігерлер жақын арада жұмысты бастайтынын хабарлады. 2023 жылы "Ауыл - ел бесігі" бағдарламасы бойынша Майқоңыр және Амангелді ауылдарының мектептерінде күрделі жөндеу жұмыстары өтеді.
- Бұл мектептерді жөндеуге арналған жобалық-сметалық құжаттаманы биыл әзірлейміз, - деді Аян Бейсекин. - 2024-2025 жылдары жеті шағын жинақты мектепте жөндеу жұмыстарын жүргіземіз.
Ауданда үш жастан алты жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту 100 пайызды құрайды. Бір жастан үш жасқа дейінгі бала тәрбиесімен қамту көрсеткіші - 99,3 пайыз. Бұл ата-аналардың бәрі бірдей сәбилерін бөбекжайларға бергісі келмейтіндігіне байланысты.
Облыс әкімі ауылдық жерлерде шығармашылық үйірмелердің жұмысы қалай ұйымдастырылғанын нақтылады.
- Қалалар мен аудан орталықтарында балалардың жан-жақты дамуы үшін тең мүмкіндіктер бар, - деді Әбілқайыр Сқақов. - Біз шалғай ауылдардағы балалардың сұранысын ескеруіміз керек. Алыс ауылдардағы балалардың дарынын ашу өте маңызды.
Аудандық білім бөлімінің басшысы Лаура Дисюпова аудандағы 25 мектепте, оның ішінде шалғай ауылдарда қызығушылықтары бойынша үйірмелер жұмыс істейтінін хабарлады.
Аудан басшысы мектептердегі жылыту жүйесін жөндеу бойынша биыл алты мектепте он екі қатты отын қазандығын ауыстыру жоспарланғанын айтты. Үш білім беру нысанының қазандықтарында түтін құбырлары ауыстырылады.
Әбілқайыр Сқақов білім беру жүйесін қаржыландыру жыл сайын артып келе жатқанын атап өтті.
- 2019 жылы облыс бойынша білім беру саласында күрделі жөндеу жұмыстарын қаржыландыру шамамен 600 миллион теңгені құрады, - деді облыс әкімі. - Биыл тек Ертіс ауданында ғана мектептерді жөндеуге осынша қаражат бөлінді.
Өңір басшысы мектептің педагогикалық ұжымымен де кездесті. Ол мұғалімдер тек балаларды оқытып қана қоймай, қарым-қатынас дағдылары мен мәдени деңгейін дамытуы керек екенін атап өтті.
- Сіздерге сан түрлі міндеттер мен үлкен жауапкершілік жүктелген, - деді Әбілқайыр Сқақов. - Басшылық ретіндегі біздің міндетіміз - мұғалімдердің толыққанды жұмыс істеуі үшін тиісті жағдайларды қамтамасыз ету болып табылады.
Аймақ басшысы аудандық аурухана ғимаратында мамография кабинеті мен жылжымалы медициналық кешеннің жұмысымен танысты. Әкімге өткен жылы медициналық орталықтың қызметкерлері 5 203 медициналық тексеру жүргізгені айтылды.
2021 жылы аурухана бұрынғы ескі рентген аппараттың орнына жаңа цифрлық қондырғы сатып алынды. Заманауи құрал-жабдықтарды сатып алуға "СК-Фармация" ЖШС қаржылай көмек көрсетті.
Сонымен қатар, облыс әкімі аудан орталығындағы облыстық тұрақтандыру қоры серіктестерінің бірі - "Камил" дүкенінде болды. Сауда нүктесіндегі азық-түлік бағасы мен тауарлардың ассортименті көңіл көншітеді. Мұнда картоптың бір келісі 144, сәбіз - 146 теңге тұрады. Құмшекердің жаңа әлеуметтік бағасы - 369 теңге, ал, қарақұмық 437 теңгеден сатылады.
Әбілқайыр Сқақов аудандағы тұрақтандыру қорының серіктестерінің санын сұрады. Аудан әкімі Ертіс ауылында азық-түлікті әлеуметтік бағамен сататын жеті сауда орны бар екенін, тағы жеті ауылдық округте субсеріктестер жұмыс істейтінін хабарлады.
Өңір басшысы әр ауылдың тұрғындары азық-түлікті арзандатылған бағамен сатып алуы үшін әлеуметтік әріптестердің санын арттыруды тапсырды.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев