
Алғашқы рейспен облыс орталығына авиакомпанияның президенті Питер Фостер келді.

Аэропортта оны облыс әкімі Болат Бақауов қарсы алды. Аймақ басшысы Болат Бақауов пен Питер Фостер самолеттің салтанатты тұсаукесерін өткізді. Питер Фостер Павлодар облысының әкіміне ынтымақтастығы үшін алғыс білдіріп, авикомпанияның ұшағының кішірейтілген моделін сыйға тартты.
Өзінің құттықтау сөзінде аймақ басшысы бюджеттік класстағы жаңа әуе желісін қосудың маңыздылығын атап өтті.

– Павлодардан ұшатын рейстерге жүргізілген зерттеулер облыс тұрғындарының Алматыға жиі ұшатынын көрсетті, – деді Булат Бакауов. – Бүгін ұшақта болып, оның іші жайлы екендігіне көз жеткіздім. Біз қала тұрғындарының аэропортқа жетуіне ыңғайлы болу үшін тиімді логистика құратын боламыз.

Лоукостер бюджеттік қаржының қатысуынсыз ұлттық авиацияның флагманы – «Air Astana» әуе компаниясының еншілес кәсіпорны ретінде жұмыс істейді. Компания Easyjet, Indigo, Cebu Pacific және Air Asia сияқты табысты лоукостерлердің үлгісі бойынша авиатасымалдардың ішкі нарығындағы тарифтердің құнынан екі есе төмен бағамен авиабилеттерді ұсыну арқылы классикалық лоукост-модель бойынша жұмыс істейді.
– Елбасының өтінішін орындап, бюджеттік әуе рейстерін ашуымыз көңілге қуаныш ұялатады, – деді Питер Фостер. – Павлодар – керемет қала, алайда, ол Алматыдан алыс қашықтықта орналасқан. Мұнда тек поездбен ғана жетуге болады. Алайда, бұл көп уақыт алады әрі билеттердің бағасы да қымбаттау. Бюджеттік рейстердің көмегімен елдің солтүстік және оңтүстік өңірлерін байланыстырғанымыз жақсы болды.
Сонымен қатар, Питер Фостер жақын арада Павлодардан Нұр-Сұлтанға және кері бағытта ұшатын тағы бір әуе рейсін ашуға уәде берді. Тарифтер сол қалпында қалады. «Fly Arystan» компаниясының рейстерінің билеттерінің құны 6999 теңгені құрайды. Алайда, билеттерді алдын ала брондау керек.
Авиакомпания күн сайын Алматыға және кері қарай қатынайтын маршрутқа қызмет көрсетеді. Павлодардан ұшып шығу сағат 18:50-де болса, ұшақ Алматыға 20:40-та ұшып жетеді. Рейстер эконом-класс бойынша 180 жолаушыға арналған заманауи Airbus A320 ұшақтарында жүргізіледі. 2022 жылға қарай авиакомпания ұшақтардың санын 4-тен 15-ке дейін көбейту арқылы жергілікті тұрғындардың авиатаымалға деген сұранысын арттыруды жоспарлап отыр.
«Fly Arystan» сондай-ақ, Алматыдан Тараз, Шымкент, Орал, Қарағанды және Нұр-Сұлтан қалаларына тұрақты рейстерді жүзеге асырады. Болашақта жақын шет елдерге маршруттар желісін кеңейту жоспарланып отыр.