«Ақсу» ойыншылары үйдегі матчте жеңіске жетті

«Ақсу» ойыншылары үйдегі матчте жеңіске жетті

«Ақсу» ойыншылары үйдегі матчте жеңіске жетті

«Ақсу» футбол клубы Павлодардағы алғашқы үй матчінде елордалық командадан басым түсті.

Аязды ауа райына қарамастан қала тұрғындары орталық алаңда, сүйікті командасына қолдау көрсетуге жиналды. «Ақсу» ойыншылары жанкүйерлердің үміттерін ақтап, өткен маусымның вице-чемпиондары – «Астана» клубынан басым түсті.

Бірінші таймда қарсыластар бір-бірінің осал тұстарын байқап көрді. «Астана» допты иеленуде басымдық танытып, бірнеше рет гол соғуға шақ қалды. Сол кезде ақсулық команданың қақпашысы Евгений Кучеренко допты қағып үлгерді. Екінші таймда «Аксу» командасының бас жаттықтырушысы Руслан Костышин алаңға форвард Мирас Тұрлыбекті шығарды. Бірінші лиганың 2021 жылғы маусымында үздік сұрмерген атанған шабуылдаушы матчтің соңғы он минутында көптен күткен допты соқты.

Аймақ басшысы Әбілқайыр Сқақов футболистер мен жаттықтырушы құрамды ҚПЛ-ғы алғашқы жеңістерімен құттықтады.

- Бұл біз үшін ең ұзақ матч болды, – деді Әбілқайыр Сқақов жеңімпаздарға. – Ауа райының суықтығына қарамастан сіздер шыдамдылық танытып, мінездеріңізді көрсеттіңіздер.

2020 жылы еліміздің жоғарғы чемпионатының бес дүркін жеңімпазы – «Ертіс» футбол клубы ҚПЛ-ғы ойынын тоқтатқанда, облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов жергілікті футболшыларды қолдауға шақырған еді. 2018 жылы құрылған «Ақсу» футбол клубы алғашқы үш маусымда Екінші лигада өнер көрсетті. Ерлік рух пен футболға деген сүйіспеншіліктерінің арқасында команда Бірінші лига деңгейіне шықты. Өткен жылы «Ақсу» футболшылары Қазақстан премьер-лигасында ойнау құқығына ие болды. Осы маусымдағы алғашқы ойынын Атырауда өткізген «Ақсу» жергілікті клубпен тең түскен еді.

 

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі

Суреттерді түсірген Валерий Бугаев