
«Ана – өмір шуағы» атты салтанатты қабылдау «Достық үйінде» өтті. Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов түрлі салада табысқа жеткен өңір тұрғындарының аналарын құттықтады.
Аймақ басшысы ананың бейнесінен адамдар махаббаттың, қамқорлықтың, үйдегі жайлылық пен жылулықты көретінін атап өтті.
- Ұрпақ денсаулығы, білім сапасы, адамгершілік нормалары мен қоғамдық құндылықтарды қалыптастыру сіздерге тікелей байланысты, - деді әкім. – Мемлекет басшысы биылғы жылды Балалар жылы деп жариялағандықтан аналардың мәртебесін көтеру одан сайын өзекті болып отыр.
Әбілқайыр Сқақов өңіріміз Қазақстан бойынша білім беру жағынан көш бастап тұрғанын еске салды. Соңғы 25 жыл ішінде мектеп оқушыларының құрамасы республикалық пән олимпиадаларында үздік шығып жүр. Сонымен бірге, аймақ басшысы дарынды балаларды қолдау шаралары туралы айтты. Мәселен, биыл «Ертіс дарыны» сыйлығының жүлде қоры 15 миллион теңгені құрайды.
- Облыста білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жаңғыртуға бағытталған «Өңірлік мектеп» бағдарламасы іске қосылды, - деді әкім. – Өткен жылы 300 үздік оқушы «Тәуелсіздік ұланы» сыйлығымен марапатталды. Оларға 140 мың теңге көлеміндегі ақшалай сертификаттар табысталды.
Салтанатты іс-шараға халықаралық Golden Time Talent конкурсында жеңіске жеткен өнерпаз, «Бастау» дуэтінің қатысушысы Олжабай Темірланның анасы Арман Арал да қатысты. Темірлан Ұлыбританиядағы сахнада серіктесі Ернат Наурызбен бірге Құрманғазының күйлері мен Нұрғиса Тілендиевтің шығармаларын орындады.
Баянауылдан республикалық айтыстар мен жыр мүшәйларының жеңімпазы Серікболсын Дүйсембайдың анасы Айжан Сембаева келді. Серікболсын Назарбаев университетін үздік аяқтап, математика бойынша жаратылыстану ғылымдарының магистрі атанған. Қазір ол Сауд Арабиясындағы Абдолла король атындағы ғылыми-технологиялық университеттің докторантурасында білім алып жатыр.
Салтанатты жиынның соңында Иса Байзақов атындағы филармонияның әртістері аналарға әннен шашу шашты. Қабанбай батыр атындағы облыстық әскери мектептің курсанттары жиын қатысушыларына гүл шоқтары мен естелік сыйлықтар табыстады.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев