
Шыбын-шіркейге қарсы улау жұмыстарының нәтижелері облыстық әкімдікте өткен ТЖ бойынша комиссия отырысында қаралды. Аймақтың энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Ержан Иманзайыпов қазірдің өзінде Ертістің арнасына 160 тонна бактицид препараты төгілгенін хабарлады.

– Қазір біз осы препараттың көмегімен Кенжекөл ауылының маңында жергілкті өңдеу жұмыстарына кірістік, – деді ол. – Осы жылы негізінен жергілікті өңдеу жұмыстарына баса назар аударатын болдық.

Бұдан бөлек мамандар масаға қарсы күн сайынғы барьерлік өңдеу жұмыстарын жүргізеді. Бұл жұмыстар Ертіс өзенінің екі жақ жағалауында және қаланың саябақтарында жүріп жатыр.
– Біз күн сайын комиссиялық зерттеулер жүргізіп, қазіргі кезде облыстағы энтомологиялық жағдай тұрақты екенін анықтадық, – деді облыстық қоғамдық денсаулықты сақтау департаментінің басшысы Ирина Сорокина. – Маса мен шыбын-шіркейдің саны нормаға сәйкес. Егер, олардың саны артса, біз бірден өңдеу жұмыстарын жүргізуге ұсыныс жасаймыз. Біздің департаментте 55-38-30 тікелей байланыс желісі жұмыс істейді. Осы телефон нөмірі бойынша кез келген тұрғын хабарласып, өзіне қажетті кеңес алуына болады.

Сонымен қатар, жиналыс кезінде өзен-көлдердегі қайғылы жағдайлардың алдын алу мәселесі талқыланды. Ресми деректер бойынша, соңғы он жылдың ішінде Павлодар облысының суқоймаларында 274 адам батып кеткен, олардың 47-і – балалар.

– Біз балаларды малтып үйретуіміз керек, – деді аймақ басшысы Болат Бақауов. – Павлодарда бассейндер жеткілікті. «Ertis Olympic», «Шымыр», «Толқын» бассейндері бар. Ертең «Динамо» спорт кешенінде бассейн ашылады. Тіпті ауылдардағы ашық суқоймаларда балаларды жүзіп үйретуге болады. Мысалы, Беларусь мемлекетінде жүзу жеке пән ретінде мектепте оқытылады. Егер, оқу орнында бассейн жоқ болса, балаларды жақын маңдағы көлге немесе өзенге апарып, жүзуді үйретеді. Біздің өңірде де осындай тәжірибе енгізу қажет.