
Тапсырманы орындау шеңберінде қала әкімі Асайын Байханов аймақ басшысына облыс орталығындағы тұрғын үй құрылысының дамуы туралы айтып берді.
Атап айтқанда, «Спорт сити» қалашығының аумағында жаңа тұрғын үй шағын ауданының құрылысын бастау туралы ұсыныс түсті. Тұрғын үйлер қолданыстағы және құрылысы жүріп жатқан спорт нысандарының айналасында тұрғызылады. Осы мақсатқа 33,7 гектар жер бөлу жоспарланып отыр. Тағы да 23 гектардан астам аумақта мектеп, бала бақша, сауда-сауық орталығы және басқа да инфрақұрылым орналасады.
Қала әкімінің есебін тыңдаған Әбілқайыр Сқақов бұл жобаның оң тұстарын атап өтті. Ең бастысы, мұндай жер аумағын игеру облыс орталығындағы нүктелі құрылысқа маңызды жауап болып, кешенді және кварталды құрылысқа көшуге мүмкіндік береді. Яғни, Павлодарда толыққанды әлеуметтік және басқа да инфрақұрылымы бар тағы бір заманауи шағын аудан пайда болады.
Жаңа шағын ауданның №2 және №3 ЖЭО жылу көздерінің маңында орналасуы да аса тиімді болмақ. Сондай-ақ, жақын жерде трамвай жолдарының өтуі де болашақ шағын ауданның тұрғындарын қоғамдық көлікпен қамтамасыз етуді оңтайлы етеді. Павлодардың №1 ЖЭО-ға қарай өсуі қаланың оңтүстік бөлігін жылумен қамтуда проблема туғызуы мүмкін.
Асайын Байханов мамандардың айтуынша жаңа шағын ауданның құрылысы экологиялық талаптарға сай келетінін және өнеркәсіпітк кәсіпорындардың санитарлық қорғау аймақтарынан тысқары орналасқанын атап өтті. Сонымен бірге, кешенді 100 гектар аумақтағы жасыл белдеумен қоршау да ұсынылды.
Аймақ басшысының айтуынша, қала әкімдігі әлеуетті құрылысшылар үшін тұрғын үйдің сапасы бойынша қатаң талаптар қоюы тиіс.
- Көп уақытты алатын жобалау-сметалық құжаттарды әзірлеп, үйлерді салып, оларды пайдалануға бергеннен гөрі дайын тұрғын үйлерді сатып алған тиімді, - деп атап өтті Әбілқайырр Сқақов.
Сонымен бірге, құрылыс индустриясының, шағын және орта бизнес кәсіпорындары, басқа да қосалқы салалар жұмысын бастайтындықтан жаңа шағын ауданның құрылысы қосымша экономикалық серпін береді. «Спорт сити» қалашығының аумағындағы спорт нысандары жанында тұрғын үй кешендері болмаса, олардың қала тұрғындары үшін тартымдылығы да азаятыны айқын.
Облыс әкімі «Jastar» шағын ауданының құрылысы туралы ұсыныс жақында өткен стратегиялық сессияда айтылғанын еске салды. Осыған байланысты осы жердегі спорт нысандарын жаңа жобалармен бірлестіру, бәрін бір жоба және шағын ауданда жүзеге асыру мүмкіндігін қарастыруға болады.
Жалпы алғанда, аймақ басшысы ұсынылған жобаны және Павлодардағы тұрғын үй құрылысын дамыту жөніндегі жоспарды мақұлдап, жақын арада бұл мәселені қоғамдық тыңдауларға шығаруды және қала тұрғындарының пікірлерін ескеруді тапсырды.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев