
Кеңес заманындағы сталиндік репрессиялар Қазақстанның төрт миллионға жуық бейбіт тұрғындарының өмірін тас-талқан етті. Олардың арасында тіптен кәмелетке толмаған жас балалар да болды. Павлодар облысының басшылығы мен зиялы қауым өкілдері, қала тұрғындары қуғын-сүргін құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алып, оларға арналған мемориалға гүл шоқтарын қойды.
– Бүгін біз сол сұрапыл жылдары жазықсыз атылған азаматтарды еске алып, олардың рухына тағзым етеміз, – деді облыс әкімі Болат Бақауов. – 1944 жылдың наурыз айында Павлодар облысына Солтүстік Кавказдан 40 мыңға жуық адам жер аударылған еді. Олардың бәріне жергілікті қазақ халқы қолдан келген көмегін аямады.
– Репрессия жылдары біздің халқымыз адамзат тарихындағы сұмдық қудалауға ұшырады, – деді шешен-ингуш этномәдени бірлестігі Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Жүсіп Мержоев. – Адамдардың көбі суықтан, аштықтан және аурудан қаза тапты. Қазақ халқының қайырымдылығы болпмаса, біз қырылып қалар едік.
Атап өту керек, саяси қуғын-сүргін жылдары кезінде кеңестік жазалау органдары Одақ бойынша 7 миллионға жуық адамды тұтқындаған екен. Алайда, кейбір тарихшылардың деректері бойынша бұл сан 40 миллионға жуықтауы мүмкін.





