
Павлодар облысының әкімі Қаражар, Егіндібұлақ және Мәшһүр Жүсіп ауылдарына барып, жергілікті тұрғындармен әңгімелесіп, бірінші кезекте ауыл тұрғындарын не толғандыратынын білді.
Ауданға жұмыс сапары барысында өңір басшысы Мырзашоқы тау шаңғысы базасының қалай жұмыс істейтінін білді. Егер бір жыл бұрын эпидемиологиялық жағдайға байланысты мұнда қонақтарды күте алмаған болса, онда осы қыс маусымының басынан бастап 4 мыңға жуық турист қонақ болды. Әбілқайыр Сқақов аспалы жолға қызмет көрсететін компанияға алдымен келушілердің қауіпсіздігі туралы ойлануы тиіс екенін еске салды. Сонымен қатар, кәсіпкерлер билік өкілдерімен бірге демалыс базасын дамыту жоспарын ұсынуы керек.
- Сумен қамтамасыз ету және аспалы жолдың айналасындағы учаскені одан әрі дамыту мәселелері әлі шешілген жоқ, - деді әкім. - Біз шаңғы базасын қалай дамыту керек екенін түсінуіміз қажет. Инфрақұрылым дамыған кезде ғана туристердің саны да артады.
Мырзашоқы тауына жақын жердегі Қаражар ауылында өңір басшысы жергілікті жалпы білім беретін мектепте болды. Ұстаздар 1958 жылы салынған оқу орнына жөндеу қажет екенін айтты. Білім басқармасы бұл мәселемен айналысып жатыр және дизайнерлермен бірге қолайлы техникалық шешім іздеуде. Әбілқайыр Сқақовқа ауылдың басқа да мәселелері туралы жергілікті тұрғындар айтып өтті. Атап айтқанда, ауыл арасы жолдарын ретке келтіруді сұрап, жастарға мәдениет үйін салып беруді ұсынды. Облыс әкімі тұрғындардың барлық тілектерін ескерілетініне сендірді, алайда олар басымдылығына қарай жұмысқа қабылданады.
Айтпақшы, жақында Қаражарда су құбыры іске қосылды. Жергілікті тұрғындардың барлығы дерлік орталық су құбырына қосылған. Алайда, болашақта сорғы станциясы мен желілерге кім қызмет ететіні әлі белгісіз. Егіндібұлақ ауылындағы су құбыры да сол беймәлім күйде қалып отыр. Аймақ басшысы жаңадан тағайындалған аудан әкімі Серік Батырғожиновқа қалыптасқан жағдайдан шығудың жолын табу үшін бір ай уақыт берді.
- Тиісті қызмет көрсетілмесе, сорғы станциялары да, желілер де тез жарамсыз болып қалуы мүмкін, - деп мәлімдеді Әбілқайыр Сқақов. - Егер осындай жағдайға тап бола қалсақ, біз не, жаңа орталық сумен жабдықтау жүйесін қайта саламыз ба? Қысқа мерзімде Баянауыл ауданында су құбырларымен кім айналысатынын анықтау қажет. Бұл өте маңызды мәселе.
Қаражарлықтар сияқты, Егіндібұлақ тұрғындары да ауыл мектебінің техникалық жағдайының нашарлығына облыс әкімінің назарын аударды. Биыл білім ордасына 50 жыл толады, бірақ осы уақытқа дейін күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген емес. Бұл мәселе де назарға алынды.
Ал, Мәшһүр Жүсіп ауылының жас тұрғындары туған мектебінің жаңа келбетіне енді-енді де үйренісіп жатыр. Республикалық «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында мұнда мектеп шатыры жөндеуден өтіп, акт және спорт залдары жаңартылып, басқа да бөлмелері ретке келтірілді. Мұғалімдердің айтуынша, балаларға жағдай жасалынғаннан кейін, олардың білімге деген құштарлығы арта түсті. Ауыл мектебінің оқушыларының бірі Марат Жәнібек робототехника сабағында өзі әзірлеген жобасын облыс әкіміне көрсетті.
Сондай-ақ, өңір басшысы өткен жылдың соңында күрделі жөндеуден өткен жергілікті медициналық пунктіне барды.
- Бұл осы жұмысқа арналып салынған ғимарат, онда рәсімдік кабинет, әйелдер консультациясы кабинеті және күндізгі стационар жұмыс істейді, - деді аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Серікжан Арынов. Жөндеуден кейін медициналық пункттің ғимараты өзгерді. Көмекке жүгінген ауыл тұрғындары дән риза. Олар медпункт жөндеу мәселесін бірнеше рет қозғаған еді және оның оңтайлы шешілгеніне қуанышты.
Енді Мәшһүр Жүсіп ауылының тұрғындарын алдымен елді мекеннің жанынан өтетін жолдың жағдайы толғандырады. Әбілқайыр Сқақовпен олар 2021 жылы басталған жол жөндеу жобасы аяқталмай қалмай ма деген қауіппен бөлісті. Облыс әкімі жөнделмей қалған жерлерді биыл міндетті түрде аяқтауға уәде берді.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суретті түсірген Валерий Бугаев