Павлодар облысына ревакцинацияға арналған «Спутник Лайт» препаратының партиясы келді

Павлодар облысына ревакцинацияға арналған «Спутник Лайт» препаратының партиясы келді

Облысқа барлығы 6,5 мың доза вакцина жеткізілді. Жақын арада «Спутник Лайт» емханаларға таратылады деп уәде беріліп отыр.

 

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айдар Ситқазинов Павлодар облысына ревакцинациялау үшін келген жаңа препараттың партиясы туралы айтты.

 

- «Спутник Лайтты» емханалар арасында әрқайсысына бекітілген адам санына қарай таратамыз, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы. – Облыс бойынша қоры шамамен 6 мың дозаны құрайтын «Спутник V» вакцинасының бірінші компонентімен ревакцинация жүргізуге де рұқсат алдық. Өндірушіден және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінен тиісті хаттар бар.

 

Ресми мәлімет бойынша, қазірдің өзінде облыстың 52,6 мыңнан астам тұрғыны ревакцинациядан өткен. Ал екпеге келетін болсақ, облыста бар барлық дәрі-дәрмектің бірінші компонентін 355 мыңнан астам, екінші құрамдас бөлігін 338 мыңға жуық адам алған. Осы аптадан бастап медицина қызметкерлері мен 60 жастан асқан адамдар сұраныс бойынша «Pfizer» вакцинасын ала бастады. Еске салайық, бұрын бұл препарат тек жасөспірімдерге, жүкті және бала емізетін әйелдерге арналған.

 

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі

Суретті түсірген Валерий Бугаев