
Қымбатты жерлестер!
Баршаңызды Жаңа жылмен шын жүректен құттықтаймын! 2022 жыл сіздерге және жақындарыңызға денсаулықтарыңызды нығайтып, берекелеріңізді арттыратын және жаңа табыстар сыйлайтын кезең болсын!
Біз ескі жылды есіркеп, өткенге алғыс айтып шығарып саламыз. 2021 жыл қуанышты оқиғалар мен мерейлі даталарға толы болды. Біз барша отандастарымыздың бірлігі, қажырлығы мен еңбекқорлығының арқасында қол жеткізген Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өттік. Павлодар облысының тұрғындары бірлігі мен ынтымағы берік, адал еңбекті бағалайтын қоғамның өкілдері. 2021 жылы өңірімізде бой көтерген отыздан астам аурухана, мектептер пен спорт нысандары, 3 миллион тонна алюминий мен электр энергиясының рекордтық өндірісі, 1 миллион тонна дәнді дақыл астық жинау және басқа салалардағы жоғары нәтижелер осы сөзіміздің айғағы. Біздің балалар олимпиадалар мен конкурстарда 869 медаль жеңіп алды, спортшыларымыз Жазғы Паралимпиада ойындары, әлемдік және республикалық жарыстарда көптеген алтын, күміс және қола медальдерге қол жеткізді.
Өңіріміздің және еліміздің жетістіктері үшін біз аға буынға қарыздармыз. Біздің тәлімгерлеріміз бен ұстаздарымыз баға жетпес құндылықтар мен дәстүрлерімізді сақтап, бізге табыстады. Өкінішке қарай, өткен жылы біз ақсақалдарымыздың біразынан айырылып қалдық. Ақылман ақсақалдардың жарқын бейнесі өңіріміздің жаңа жетістіктерімен қатар халықтың жадында мәңгі сақталады деп сенемін.
Құрметті жерлестер, 2021 жыл коронавирус пандемиясының әсерінен туындаған қиындықтардан кейін қалыпқа келу кезеңіне айналды. Павлодарлықтардың жұмыла еңбек етіп, ізгілікке ұмтылуының арқасында біз қайырымды істер марафонында бірінші орыннан көріндік. Сіздердің жомарттықтарыңыздың арқасында Павлодар облысы еліміздің ең мейірімді өңірі атағын жеңіп алды. Ізгі істеріңіз өздеріңізге әрдайым құт-береке болып оралсын!
Жаңа жылды жарқын көңіл-күймен қарсы алып, армандарыңыздың орындалуын, жоспарларыңыздың жүзеге асуын және ең бастысы, мықты денсаулық тілеймін!
Мереке құтты болсын!