
Өңірдің агроөнеркәсіптік кешеніндегі өнім өндіру көлемі 1,4 есе өсіп, саладағы 1 бюджеттік теңгеге 4 теңге жеке инвестициялар тартылды. 2021 жылдың қорытындылары Павлодар облысының ауыл шаруашылығы блогының жұмыс кеңесінде талқыланды.
Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрболат Мақашев биыл АӨК-гі жалпы өнім көлемі 386 миллиард теңгеге жетуі тиіс екендігін хабарлады. Бұл 2020 жылдың қорытындысымен салыстырғанда 1,4 есе көп.
- Өсім өндіріс көлемінің өсімдік шаруашылығы саласында 16,7%-ға және мал шаруашылығы саласында 3,8%-ға артуы есебінен қамтамасыз етілді, - деп хабарлады ведомство басшысы. - Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу көлемі 12%-ға, нақты айтқанда, 92,2 миллиард теңгеге дейін өсті.
Суармалы егістіктердің көлемі биыл 136 мың гектарды құрады. Павлодар облысында 5 мың гектар жаңа суармалы егістік алқаптары пайдалануға берілді. Өңірде бір тәлімді егістіктен 1 мың тонна астық қана жиналса, суармалы егістіктерден 16 мың тонна өнім алынды.
- Жеке және қарыз қаражаты есебінен біздің аграрийлер 23,5 миллиард теңгеге 25 жобаны іске қосып, нәтижесінде 607 жұмыс орны ашылды, - деп жалғастырды Нұрболат Мақашев. - Жаңа жобалардың қатарында алты сүт-тауарлы фермасы, бір құс фабрикасы, екі бордақылау алаңы және басқа да нысандар бар. Жалпы алғанда, 2021 жылы ауыл шаруашылығын дамытуға барлығы 89 миллиард теңгеден астам инвестиция салынды, бұл өткен жылдың деңгейімен салыстырғанда екі есе артық. Бюджеттен бөлінген бір теңгеге орта есеппен 4 теңге жеке инвестиция тартылды. АӨК-ті мемлекеттік қолдау туралы айтатын болсақ, Павлодар облысында барлық деңгейдегі бюджет есебінен ауыл шаруашылығын дамытуға 28,4 миллиард теңге жұмсалды.
Жұмыс кездесуі барысында 2022 жылға арналған бірінші кезектегі міндеттер де талқыланды. Агроөнеркәсіпті дамыту жөніндегі ұлттық жоспарды негізге ала отырып, келесі жылы саладағы еңбек өнімділігін 1,7 есе арттыру, еліміз бен өңірімізді отандық өндірістің негізгі азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету және ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 1,5 есе ұлғайту міндеті қойылды. Сонымен қатар, Павлодар облысында 30 миллиард теңгеге 13 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланып отыр. 2022 жылы егістіктер алқабы 1,554 миллион гектардан асады деп күтілуде. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 6%-ға артық. Көкөніс алқаптарын бірден 7%-ға ұлғайту жоспарлануда. Мысалы, қырыққабат егілетін алқаптар - 2,8 есе, ал пияз - 4,2 есеге ұлғаяды.
- Келесі жылы біз өңірдің қырыққабат пен пиязға деген қажеттілігін 100%-ға жабуға тырысуымыз керек, - деп талап етті Павлодар облысы әкімінің орынбасары Мейрам Өтешов. - Бұл азық-түлік қауіпсіздігі тұрғысынан өте маңызды. Сонымен қатар, өңірдегі көкөніс қоймаларының қажетті қуаты бар екенін және жаңа суармалы жерлер енгізілетінін ескерсек, бұл міндетті орындау әбден мүмкін.
Кездесу соңында Мейрам Өтешов облыстық ауыл шаруашылығы басқармасындағылар көктемгі егіс жұмыстарына дайындық жүргізу керектігін атап өтті. Ол мемлекеттік қолдау түріндегі алғашқы қаржыландыруды павлодарлық фермерлерге 2022 жылдың қаңтар айының соңында-ақпан айының басында беруді тапсырды. Сонымен бірге, егіс науқаны басталысымен өңірде шалғындандыру бағдарламасы іске асырыла бастайды. Осы жұмыстардың нәтижесінде Павлодар облысының мал жаюға арналған жерлер жетіспейтін аудандарында жайылымдық алқаптарды дамыту көзделіп отыр.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев