Павлодардағы балалар психоневрологиялық орталығы қоныс тойын тойлады

Павлодардағы балалар психоневрологиялық орталығы қоныс тойын тойлады

Бұрын ментальді бұзушылықтары бар балаларға әлеуметтік қызмет көрсететін орталық Павлодардың өнеркәсіптік аймағында орналасқан болса, енді ол қаланың орталығына жақын бөлігінде жұмыс істейді. Тәуелсіздік күні Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов қоныс иелеріне қонаққа келді.

 

Психоневрологиялық орталықтың инфрақұрылымын шығыс өнеркәсіптік аймақтан Павлодардың тұрғын бөлігіне көшіру туралы ерекше балалардың ата-аналары да, мекеменің қызметкерлері де көптен сұрап келген еді. Біраздан бері орталық көп уақыт бойы бос тұрған цех шеберханалары орналасқан Парковая көшесіндегі ғимаратта жұмыс істейді. Мұнда ойын бөлмесі, мамандарға арналған жеке кабинеттер, сыйымдылығы кең асхана және медициналық блок қарастырылған.

 

- Үш жылдан бері менің ұлым осы орталықта денсаулығына қажетті ем алып келеді және осы уақыт ішінде басқа ата-аналармен және орталық қызметкерлерімен бірге біз бір тату отбасында өмір сүріп жатырмыз, - деп атап өтті ерекше баланың анасы Ольга Копущу. - Тәуелсіздік күніне орай жаңа ғимаратқа ие болғанымыз бәріміз үшін үлкен сый болды. Енді бізге  орталыққа жету бұрынғыдан да әлдеқайда ыңғайлы.

 

Психоневрологиялық орталыққа барған аймақ басшысы ерекше қажеттіліктері бар балаларға жағдай жасау тоқтамайтынына уәде берді.

 

- Оңалту және медициналық-әлеуметтік көмек қажет болған адамдарға қолдау көрсету мәселелері біз үшін басымдыққа ие, - деп мәлімдеді Әбілқайыр Сқақов. - Мүгедектерге арналған ірі оңалту орталығын салу, Лермонтов көшесінде жұмыс істейтін балаларды оңалту орталығын және аутистік спектрі бұзылған балаларға арналған орталықты кеңейту жоспарларымыз да бар. Біз ерекше балалар тәрбиеленетін отбасылардың қандай қиындықтарға тап болатынын түсінеміз және оларға көмектесуге дайынбыз.

 

Бүгінде балалар психоневрологиялық орталығының стационарында 50 жеткіншек тұрақты ем қабылдайды. Тағы 20 бала медициналық-әлеуметтік мекеменің күндізгі бөліміне барады.

 

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі

Суреттерді түсірген Валерий Бугаев