
Павлодар облысының мемлекеттік қызметшілері мен өңірлік маслихаттың депутаттары волейболдан жолдастық кездесу өткізді. Ойын Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай өткізілді.
Матч «Баянтау» спорт кешенінде өтті. Мемлекеттік қызметшілер командасын алаңға Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов, ал, халық қалаулыларының тобын өңірлік мәслихаттың депутаты Илья Теренченко бастап шықты. Аймақ басшысы матч қатысушыларын алда келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтады.
- Павлодар облысы үшін өткен жыл спорттық бәсекелер бойынша жемісті болды, - деп атап өтті Әбілқайыр Сқақов. – Біздің жерлесіміз Теміржанов Серік Белградта өткен бокстан әлем чемпионатының күміс медалін жеңіп алса, павлодарлық дзюдо мектебінің тәрбиеленушісі Байбатина Зарина Токиодағы Паралимпиаданың күміс жүлдегері атанды, ал, «Ақсу» футбол клубы Бірінші лигада жеңіске жетіп, еліміздің жоғарғы дивизионына жолдама алды. Біз ары қарай да салауатты өмір салтын насихаттап, бұқаралық спортты қаржыландырып, спортпен шұғылданғысы келетіндерге инфрақұрылымның қол жетімділігін қамтамасыз етеміз. Бүгінгі жолдастық кездесу Тәуелсіздік күнінің қарсаңында мерекелік көңіл-күй сыйлайды деп ойлаймын.
Ойвн үш сеттен тұрды. Әр партияда мемлекеттік қызметшілер 25:14, 25:13, 25:14 есебімен басым түсті. Жеңімпаздарға чемпион кубогы, ал, екінші орын алған командаға алғыс хат берілді.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев