
Қазіргі таңда Қазақстанда төрт қант зауыты жұмыс істеп тұр. Олардың ішіндегі ең ірісі тәулігіне 3 мың тонна қант қызылшасын өңдей алады. Соған қарамастан, отандық қант зауыттары республика бойынша қажетті қант көлемін өндіре алмай отыр. Мамандардың есептеуі бойынша қазақстандықтар жыл сайын 500-600 мың тонна қант тұтынады, ал, еліміздегі қант зауыттары бұл көлемнің 20-30 %-ын ғана өндіре алады.

– Өткен және одан алдыңғы жылы Қазақстан қантты Ресей Федерациясынан импорттады, – дейді «BMA Russland» компаниясының бас директорының м.а. Федор Семенов. – Әрине, ең бастысы, жергілікті өндірушілердің мүдделерін қорғап, мемлекетті стратегиялық өніммен қамтамасыз ету қажет. Жобаланып отырған зауыт Қазақстан бойынша өз саласындағы ең ірі кәсіпорынға айналып, еліміздегі қант дефицитінің көлемін жыл сайын 100-110 мың тонаға қамтамасыз етіп отырады.

Құрастырылып жатқан техникалық-экономикалық негіздемеге сәйкес жаңа зауыт Ақсу қаласының маңында пайда болады. Жоспарланып отырған жаңа жұмыс орындарының саны маусымдық кезеңде – 300-350, ал, маусымдық емес кезеңде – 120-140 орынды құрайды. Филтьрлеу егістіктері мен жинақтағыш суқойманы есепке алғандағы кәсіпорынның жалпы аумағы 140-150 гектарды құрайды.
– Жобалаудың болжалды мерзімі 12 айды құрайды, ал, құрал-жабдықтарды жеткізу, құрылыс-монтаждау және іске қсоу жұмыстарының мерзімі – 2 жыл, – дейді Федор Семенов. – Жоспар бойынша кәсіпорын 2022 жылдың қыркүйегінде іске қосылады.
Жоба авторлары аймақ басшылығы қазірдің өзінде жаңа кәсіпорынға қажетті шикізат туралы ойластыруды керектігін айтты. Аймақ басшысы зауыт іске қосылғанға дейін бұл мәселе толық шешімін табады деп сендірді.

– Қазірдің өзінде өңірдегі 10 шаруа қожалығы сынамалы түрде қызылша егуді бастады. Бұл зауытты шикізатпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді Болат Бақауов. – Болашақта біз ауыл шаруашылығы кооперативтерін құрып, олардың зауытпен тікелей жұмыс істеуіне жағдай жасаймыз.