Әбілқайыр Сқақов арзандатылған жанар-жағармай жеткізушілерді анықтау үшін бірыңғай ережелерді бекітуді ұсынды

Әбілқайыр Сқақов арзандатылған жанар-жағармай жеткізушілерді анықтау үшін бірыңғай ережелерді бекітуді ұсынды

Еліміз бойынша ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге арзандатылған жанар-жағармай жеткізетін операторлардың қызметін реттеу қажет. Мұнай өнімдерінің айналымына қатысты осы және басқа ұсыныстарды Павлодар облысының әкімі еліміздің Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев, «ҚазМұнайГаз» АҚ-ың басшылығы және отандық мұнай өңдеу зауыттарының өкілдері қатысқан жиналыста айтты.

 

Жұмыс кездесуі Павлодар мұнай-химия зауытының базасында өтті. Тараптар мұнай және мұнай өнімдерінің нарығындағы жағдайды талқылады. Кездесуде сөз алған Әбілқайыр Сқақов қазіргі кезде Қазақстан бойынша ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге көктемгі және күзгі егіс жұмыстарына қажетті жанармай жеткізетін операторларды анықтаудың бекітілген механизмі жоқ екендігін еске салды. Биыл Павлодар облысында шөп шабу және астық жинау жұмыстарына 21 мың тонна арзандатылған жанар-жағармай жеткізілді. Бұл шара шаруалардың жанармайға деген қажетіліктерінің 75-80%-ын өтеуге мүмкіндік берді.

 

- Бұл жанармайдың ауқымды көлемі. Алайда, Қазақстанда арзандатылған ЖЖМ-ды жеткізетін операторларды анықтау және олардың жанармайды егістіктерге жеткізу қызметін бақылау бойынша бірыңғай ережелер жоқ, - деп атап өтті аймақ басшысы. – Сондықтан біз өзіміз жеткізушілерді іріктеу механизмін құрастырдық. Баллдық жүйені енгізгеннен кейін біздің таңдауымыз үш операторға түсті.  Сонымен бірге, бұл ережелер еліміз бойынша бірыңғай күшке ие болып, оны Энергетика министрлігі бекітуі тиіс деп есептейміз. Осы мәселе бойынша ұсыныстарымызды енгізуге  әзірміз.

 

Әбілқайыр Сқақов сұйытылған газбен қамтамасыз ету жүйесін де жетілдіру қажет екендігін айтты. Қазіргі кезде ол биржалық тауарлардың қатарында. Нәтижесінде, дәнді кептіру қондырғыларында газды пайдаланатын фермерлер қажетті отынсыз қалды. Сұйытылған газдың қомақты үлесін өзге өңірлер сатып алған.

 

- Біз Энергетика министрлігінен көмек сұраған соң, ондағылар уақытында қол ұшын беріп, Батыс Қазақстандағы кендерден газдың қажетті көлемін жеткізіп берді, - деп атап өтті әкім. – Өйтпегенде, біздің шаруалардың астығы шіріп кетер еді. Сондықтан, болашақта сұйытылған газды сатып алу ережелерін қайта қарау немесе газды сату жүйесін ашық ету керек.

 

Аймақ басшысы мұнай өнімдерінің қорларын басқару және болжау мәселелеріне де тқталды. Оның айтуынша, жанармайдың көлемін біле тұра оның тапшылығын болжау мүмкін болмады. Сондықтан, оның айтуынша жанармай қорларын қалыптастыруға көп көңіл бөлу керек.

 

- Дизель отынының тапшылығы біздің мұнай-химия зауытының тоқтауымен тұспа-тұс келді. Бұл мұнай өнімдерінің қорларының нормативтерін қайта қарауды талап етеді, - деп жалғастырды Әбілқайыр Сқақов. – Атап өту керек, дизель отынының тапшылығымен бірге оқыстан битумның дефициті де пайда болды. Осының нәтижесінде біздің жол жөндейтін фирмалар ауа райының қолайлылығы мен күздің кеш түсуінің арқасында мүмкін болған жол жөндеу кампаниясын тоқтауға мәжібүр болды.

 

Аймақ басшысы мұнай өнімдерінің өндірісінен бастап оны сатылымға шығаруға дейінгі тізбек бойынша заңнамаға өзгерістер енгізуді ұсынды. Павлодар облысы әкімінің пікірінше бұл жанармай дефицитінің қаупін едәуір төмендетер еді.

 

Сонымен бірге, Әбілқайыр Сқақов Энергетика министрлігі мен «ҚазМұнайГаз» АҚ-ын мұнайды өңдеу көлемдері мен Павлодар мұнай-химия зауытының технологиялық жабдықтарын жөндеу жұмыстарының мерзімдері туралы нақты деректерді уақытында беруді сұрады. Сонда жергілікті билік кіріс бөлігінің  46%-ы жанармай акциздерінен тұратын облыс орталығының бюджетінің кіріс бөлігін тиімді жоспарлай алар еді. Аймақ басшысының айтуынша, бұл ең алдымен, бюджеттің әлеуметтік міндеттемелерін орындау үшін қажет.

 

Жанармай нарығындағы жағдай туралы сөйлеген энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев отандық кәсіпорындар ішкі нарықты дизель және авиа отынмен қамтамасыз ету міндеттерін орындай алмағанын атап өтті. Мұның негізгі себептерінің бірі жөндеу жұмыстарын тиімсіз жоспарлау болып табылады.

 

- Өндірістік қуаттылықтарды жаңғыртуға қарамастан зауыттар күтпеген уақытта жөндеуге тұрып қалады, - деді Энергетика министрлігінің басшысы. – Жанармайды тұтыну көлемдері үнемі артуы кезінде зауытты жыл сайын 25 күнге жөндеу жұмыстарына тоқтату ешбір сын көтермейді. Жөндеу жұмыстарын жүргізудің қолданыстағы регламенті ескірген деп есептеймін. Жыл сайын бір зауыт қана күрделі жөндеуге тоқтауы керек. «ҚазМұнайГаз» АҚ-ың басшылығына алдағы 5 жылға жаңа жоспар құрастыруды тапсырамын.

 

Павлодар облысына жұмыс сапары кезінде энергетика министрі  Мағзұм Мырзағалиев басқа да энергетикалық кәсіпорындарды аралады. Ол  «Павлодарэнерго» АҚ-ың құрамындағы №3 ЖЭО-ы мен Нұржанов атындағы Екібастұз МАЭС-не барды.

 

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі

Суреттерді түсірген Валерий Бугаев