
Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Павлодар облысында болды. Мемлекет басшысы Екібастұзда моноқалаларды дамыту жөнінде кеңес өткізіп, Президенттік жастар кадрлық резервінің өкілдерімен кездесті және теміржол кластері кәсіпорындарына барды.
Моноқалаларды дамытудың өзекті мәселелері туралы айта келе, Президент осы елді мекендерге қатысты мемлекеттік саясатты шұғыл түрде қайта қарау қажет екендігін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның кейбір моноқалалары нарыққа бейімделіп, экономикаларын әртараптандырғанын атап өтті. Олардың қатарында Екібастұз да бар.
- Жалпы моноқалаларды дамытудағы теңгерімсіздіктер айқын көрініп тұр, - деді мемлекет басшысы кеңес барысында. - Моноқалаларды олардың әлеуеті негізінде үш топқа бөлген дұрыс деп санаймын. Бұл мәселеде прагматикалық көзқарас керек. Өз-өзімізді алдауға әрі тұрғындарды адастыруға құқығымыз жоқ. Қаланы қолдау құралдары сапалы сараптама жұмыстарына байланысты болады.
Екібастұздың алдағы жылдары қалай дамитыны туралы Президентке Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов баяндады. Ол жұмысқа жарамды қала тұрғындарының жартысына жуығы Екібастұз өнеркәсібінің 65%-ын құрайтын отын-энергетикалық кешенінде жұмыс істейтінін атап өтті. 9 ай ішінде қаланың өнеркәсіп өндірісінің көлемі 672 миллиард теңгені немесе облыстық көрсеткіштің 35%-ын құрады. Алайда, Екібастұздың экономикасына тәуелділіктің қатері көмір өнеркәсібінің жаһандық нарығындағы тәуекелдерге байланысты болуы мүмкін. Сондықтан да жыл басында Қасым-Жомарт Тоқаев Екібастұздың орта мерзімді даму стратегиясын әзірлеуді тапсырды. Жоспар бойынша өңір басшысы есеп бергендей, қаланың даму перспективалары төрт негізгі блокқа бөлінген.
- Біріншісі - экономиканың нақты секторы, мұндағы міндет - өңдеуші өнеркәсіптің үлесін ұлғайту есебінен Екібастұздың экономикасын әртараптандыру болып табылады, - деді Павлодар облысының әкімі. - Бүгінгі таңда қаланың "өңдеу" секторы негізінен машина жасау саласы болып табылады, оның үлесі 2020 жылдың қорытындысы бойынша 87%-ды құрады. Екібастұздың машина жасау саласы - бес кәсіпорыннан тұратын теміржол кластері. Бүгінде жалпыреспубликалық темір жол машинасын жасаудың 73%-ы Екібастұзда өндіріледі. Қала экономикасының одан әрі өсуі осы кластердің дамуымен тығыз байланысты.
Екібастұз экономикасының болашағы жоғары бөліністі көмір өнімін өндірумен де байланысты. Ол үшін қалада көмір химиясы ғылыми-зерттеу орталығы ашылады. ЖОО-мен өзара іс-қимыл жасай отырып, жаңа мамандықтар үшін мамандар даярлау жоспарлануда. 2025 жылға дейін қоса алғанда 16,5 мың жұмыс орны, оның ішінде 14 мың тұрақты жұмыс орны құрылады деп күтілуде.
– Қаланың даму жоспарының екінші блогы - халықты жұмыспен қамту, - деп жалғастырды Әбілқайыр Сқақов. - Жыл сайын кемінде 400-500 адам кәсіби қайта даярлаудан және бизнес негіздеріне оқытудан өтеді. Негізгі басымдықтардың бірі - жаппай кәсіпкерлікті дамыту. Мемлекеттік қолдау шаралары арқылы 2025 жылы шағын және орта бизнес субъектілерінің санын 10 мыңға дейін жеткізу жоспарланып отыр, болжам бойынша олардың өнім шығаруы 1,4 есеге өседі. Білікті кадрларды даярлау үшін Екібастұздың ондаған жылдар бойы жинаған кадрлық әлеуетін елеулі түрде нығайта алатын өңіраралық оқу орталығын пайдалану мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз.
Қаланы одан әрі дамыту үшін баса назар аударатын үшінші блок – оның әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын қолдау. Бүгін
Екібастұздағы инженерлік желілердің тозуы 80%-ға жетті. Он мыңдаған қала тұрғындары тұратын жеке секторда асфальтталған жолдар аз. 5 мыңнан астам әлеуметтік осал топ өкілдері тұрғын үй кезегінде тұр. Сондықтан өңір билігі жылумен және сумен жабдықтау бойынша 11 жобаны іске асыруға, 160 шақырымнан астам жолды жөндеуге, қоғамдық көлікте электрондық билеттеуді енгізуге, 8 жаңа үй салуға, 20 көп қабатты тұрғын үйді реконструкциялауға және 500 пәтерге жуық аз қабатты тұрғын үй салу үшін жер учаскелерін беруге ниетті.
- Біз денсаулық сақтау, білім, мәдениет және спортқа ерекше көңіл бөлеміз, - деді Павлодар облысының әкімі. - Денсаулық сақтау саласындағы кешенді шаралардың екі пакеті медициналық мекемелерді жабдықтауға және 200-ге жуық білікті мамандарды тартуға бағытталған. Білім беру жүйесінде 20 мектеп жаңғыртылып, 700 орындық балалар шығармашылығы орталығы салынады. Мұз сарайын және 30 спорт алаңын салу, "Шахтер" паркін қайта жаңарту және бұқаралық спортты дамыту бағытында басқа да жобалар жоспарлануда. Біздің мақсатымыз - жан басына шаққандағы қаржыландыру бағдарламасын іске асыру есебінен қала халқының кемінде 40%-ын дене тәрбиесімен және спортпен шұғылдануын қамтамасыз ету.
Екібастұзда жайлы қалалық орта құру үшін бірқатар экологиялық мәселелерді шешу қажет. Өнеркәсіптік шығарындылар көлемін азайту үшін электр станцияларындағы сүзгілерді жыл сайын жөндеуді, жылына кемінде 4 мың ағаш пен бұта отырғызуды, сондай-ақ Екібастұздың жасыл белдеуін құруды қоса алғандағы шаралар кешені қабылданатын болады.
Өңірге жасаған жұмыс сапары барысында Мемлекет басшысы Президенттік жастар кадрлық резерві өкілдерімен кездесті.
- Мемлекетті дамыту үшін сіздер сияқты мамандар қажет,-деді Қасым-Жомарт Тоқаев резервшілерге. - Бүгін біз өңірдің және елдің проблемалық мәселелерін ашық талқыладық. Біз оларды шешуге қатысуларыңызды күтеміз. Барлық бастамаларыңызға сәттілік тілеймін.
Президент теміржол кластері кәсіпорындарында да болды. "Проммашкомлект" ЖШС базасында мемлекет басшысына теміржол көлігіне арналған дөңгелектер өндірісі таныстырылды. Сонымен қатар, ол "Ферротранстрейд"ЖШС-де серпімді клеммалар мен бұрандалар өндірісін іске қосты.
- Кәсіпорын халықаралық сапа стандарттарына сәйкес келетін жиынтықтауыштар шығаратын болады, - деп атап өтті мемлекет басшысы. - Жаңа өндіріс толық жобалық қуаттылыққа шыққаннан кейін "Қазақстан Темір Жолы" ұлттық компаниясы клеммалар мен бұрандаларды сатып алу кезінде импортты болдырмайды. Кәсіпорын жинақтаушы бұйымдардың жетекші өндірушісіне айналып, отандық машина жасаудың бәсекеге қабілеттілігін арттыратынына сенімдімін.
Қасым-Жомарт Тоқаев компания өнімдерінің көрмесін аралап, 160 адам еңбек ететін зауыт ұжымымен кездесті.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі www.akorda.kz ақпараты бойынша
Фото: www.akorda.kz