

Өткен демалыс күндері Павлодарда жауған нөсер жауынның салдарынан ағын су жағалаудың жаңа учаскесіндегі жаяу жүргіншілер жолының үстіңгі қабатындағы құмды шайып кеткен еді. Бұл жағдай «Қаз қонақ» палеонтологиялық ескерткішінің маңында орын алды. Мердігер ұйым бұзылған аумақты қалпына келтіріп, нысанды кестеге сәйкес тапсыруға уәде берді. Жағалаудың жаңа бөлігі шілде айында пайдалануға берілетін болады.

– Жағдайды түзетіп, нысанды уақытында тапсыру қажет, – деді аймақ басшысы. – Құрылыс жұмыстарына үшінші бригада жалдап, жұмысты тездетіңіздер.
Сонымен қатар, облыс әкімі Назарбаев даңғылындағы жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Сондай-ақ, Болат Бақауов «Құлагер» ипподромының маңындағы «Спорт-Сити» аумағын да аралап, болашақ спорт қалашығының жай-күйімен танысты. Осы жылдың өзінде мұнда мұз айдыны ашылып, олимпиадалық резерв даярлау мектебі, жеңіл атлетика және футбол манеждерінің құрылыстары басталады. Құрыысшылардың айтуынша жұмыстар кестеге сәйкес жүріп жатыр.
