
9 қыркүйектегі жағдай бойынша осы күндері онлайн форматта өткізілетін Ұлттық халық санағына өңір халқының 9,55% қатысты. Әзірше бұл еліміз бойынша ең жоғары көрсеткіш.
Ұлттық статистика бюросы департаментінің хабарлауынша, халық санағына Павлодар облысынан 71615 респондент қатысқан. Олардың көпшілігі - 61575 респондент - www.sanaq.gov.kz платформасын пайдаланса, тағы 7868 адам www.egov.kz сайтындағы санақ парақтарын толтырды, ал 2172 адам барлық сұрақтарға Аitu мобильді қосымшасы арқылы жауап берді.
Науқанның алғашқы күндерінде аймақтағы ең белсенді респонденттердің қатарында Павлодар (17235), Ақсу (14738) және Екібастұз (13920) қалаларының тұрғындары болды. Аудандарда онлайн-санақтан өткендердің саны 1267-ден (Павлодар ауданында) 4330-ға дейінгі (Тереңкөл ауданы) аралықта өзгеріп отыр.
Ұлттық санақтың бірінші кезеңіне Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов та қатысты. www.sanaq.gov.kz сайтындағы санақ парақтарын толтыру үшін өңір басшысы 30 минут қана уақыт жұмсады.
Ұлттық статистика департаменті 1 қыркүйектен бастап елімізде респонденттерге интернет-сауалнама жүргізілетінін еске салады. «Онлайн» режимінде санаққа 15 қазанға дейін қатысуға болады. Оффлайн кезеңге келетін болсақ, ол 1-30 қазан аралығында өтеді. Осы ретте Павлодар облысының тұрғындарынан белгілі бір елді мекендердегі үйлерде өздерін санақ жүргізетін интервьюерлер деп таныстыратын белгісіз адамдар жүретіні туралы хабарламалар келіп түсуде. Облыстық статистика департаменті тұрғындарға абай болып, қажет жағдайда құқық қорғау органдарына хабарласуға шақырады. Ұлттық халық санағына байланысты барлық мәселелер бойынша 1446 бірыңғай байланыс орталығына немесе ұлттық статистика бюросының аймақтық департаментінің санақ бөлімінің байланыс телефондары арқылы хабарласуға болады: 8(7182) 558689, 533001, 533005.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев