
Павлодар облысының әкімі жастар арасында өткен Азия чемпионатында алтын және қола медальдерді жеңіп алған Милана Аюповамен және Хава Балкоевамен кездесіп, олардың осы спорт саласындағы жоспарлары туралы сұрап білді.
Аймақ басшысы Павлодар облысының тарихында боксшы қыздар халықаралық аренада тұңғыш рет осындай зор табыстарға қол жеткізгенін атап өтті. Ол боксшы қыздар спорттағы жолдарын жалғастырып, әлі де талай рет дүбірлі додаларда жеңістерге жететініне үміт білдірді.
- Сіздер біздің өңіріміздегі ең батыл қыздары екендеріңіз даусыз. Боксқа ер азаматтардың өздері тайсақтап барады, - деді әкім. – Мұндай ірі жарыстардағы жеңістер спортшылардың рухын шыңдай түседі. Әрі қарай жаттыға түссеңіздер, бұдан да үлкен жеңістерге жетесіздер деп ойлаймын. Жеңіске деген жігерлеріңіз бен ұмтылыстарыңыз бар, сіздерге тек қана сәттілік тілеймін.
Әбілқайыр Сқақов спортшы қыздардың жаттықтырушысы Қырықбаев Маратты да құттықтады. Ол облыстың бокстан құрамасы ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатына дайындалып жатқанын айтты. Сонымен қатар, павлодарлық боксшылар өздері үшін 2024 жылы Парижде өтетін Олимпиада ойындарына жолдама алуға мақсат қойғанын айтты.
Жастар арасындағы Азия чемпионаты 20-30 тамыз аралығында Дубайда өткен еді. Жарысқа он бес елдің атлеттері қатысты. Милана Аюпова 63 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде алтыннан алқа тақса, Хава Балкоева 52 келіге дейінгі салмақта қола медальге қол жеткізді.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев
06.09.2021