
Павлодар облысының әкімі мәслихаттың кезекті сессиясында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп беріп, жоспарлармен бөлісті.
Аймақ басшысы баяндамасын эпидемиологиялық жағдайдан бастады. Соңғы аптада тіркелген COVID-19 инфекцияларының саны 12%-дан, ал, төсек қорының жүктемесі 40%-дан асты. Өңірдің денсаулық сақтау жүйесі коронавирустық инфекциямен күресу үшін қажетті ресурстармен қамтамасыз етілген.
Сонымен қатар, облыста инфекциялық қызмет күшейтілуде. Павлодар мен Екібастұзда екі жаңа бейінді бөлімше ашылады, бұл инфекциялық төсек қорын өткен жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 2,4 есеге арттырады. Алайда, COVID-19-бен күресудің жалғыз тиімді әдісі - вакцинация арқылы ұжымдық иммунитетті қалыптастыру болып табылады.
- Біздің жерлестеріміздің арасында ешбір себепсіз екпе алудан бас тартқан адамдар бар. Көпшілігіңіз санитарлық-ағартушылық жұмыс жүргізіп жатқандарыңызды білемін, қалғандарыңызды да осы жұмысқа ат салысуларыңызды сұраймын, - деді аймақ басшысы депутаттарға.
Биыл денсаулық сақтау саласының бюджеті 2,7 есеге ұлғайды. Бұл қаражат 40 медициналық ұйымға құрал-жабдықтар сатып алуға мүмкіндік береді. Өңірде денсаулық сақтау нысандары жаңадан салынып, қолданыстағы мекемелер жөнделіп жатыр. Атап айтқанда, облыстық кардиохирургиялық орталықты кеңейту жоспарланып отыр.
- Біз дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік пункт және медициналық пункттің құрылыстары бойынша үш типтік жоба әзірлеп жатырмыз, - деді Әбілқайыр Сқақов. - Олар бойынша медициналық көмекке зәрулік бар облыстың 11 ауылында тиісті мекемелер салынатын болады. Бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсетуді жақсартуға ерекше көңіл бөлінеді. Облыс орталығындағы №4 емхананың базасында үздік тәжірибелер орталығы жұмыс істейді. Біз орталықтың жұмысын жетілдіріп, оның тәжірибесін басқа емханаларға таратамыз.
Білім беру жүйесінің бюджеті де айтарлықтай өсті. Атап айтқанда, мекемелердің күрделі жөндеуін қаржыландыруға бөлінетін қаражат 12 есе өсті. Бұл қадам 56 мектепті, оның ішінде «Заманауи мектеп» бағдарламасы бойынша жаңғыртуға мүмкіндік береді.
- Жыл соңына дейін Павлодарда жалпы саны 1082 орынға арналған екі жаңа мектеп пен екі қосалқы ғимаратты іске қосу жоспарлануда, - деп хабарлады Әбілқайыр Сқақов. - Бюджетті ағымдағы нақтылау кезінде білім беру ұйымдарын қауіпсіздік жүйелерімен жарақтандыруға 600 миллионнан астам теңге көзделген. Жаңа оқу жылы дәстүрлі форматта басталатыны белгілі. Білім беру ұйымдары материалдық-техникалық жағынан да, санитарлық-эпидемиологиялық талаптар тұрғысынан да дайын.
Әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту туралы айта келе, Павлодар облысының әкімі ерекше балалары үйде оқитын отбасыларға өтемақы мөлшерін ұлғайту күтіліп отырғанын атап өтті. Әлеуметтік осал топтардың 10 мыңнан астам өкілі 70 млн теңгеден астам сомаға қайырымдылық көмек алды. Жұмыссыздық деңгейі 4,8%-ға дейін төмендеп, жыл басынан бері 16 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды.
Шағын және орта бизнес те жұмыссыздықтың азаюына септігін тигізеді. Жыл басынан бері өңірдегі шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 1,7 мыңға дейін артты. Кәсіпкерлерге мемлекеттік бағдарламалармен бірге өңірлік Business Ertis бағдарламасы бойынша да көмек көрсетіледі. Сонымен қатар, «Бастау» бағдарламасының түлектеріне шағын несие беру басталды.
- Жыл басынан бері алты үй немесе 456 пәтер қолданысқа берілді, - деп атап өтті аймақ басшысы тұрғын үй құрылысы туралы. – Тағы да 18 үйдің құрылысы жүріп жатыр. 950-ден астам кезекте тұрған адамдар пәтерге ие болды. Тұрғын үй кезегін азайтуда алғашқы жарналық сертификаттар беру де көмегін тигізді. Осы жылы тұрғын үй сертификаттарына 249 миллион теңге қаражат бөлінеді. Қазіргі кезде 83 тұрғын үй сертификаты берілді.
Ауыл шаруашылығы саласының өсімі 3,9%-ы құрады. Жыл қорытындысы бойынша облыста суармалы жерлердің жалпы көлемін 135 мың гектарға жеткізу жоспарланған. Мал шаруашылығында 20 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда, олардың сегізі іске қосылды.
- Жарты жыл ішінде өңдеу нысандарындағы өндіріс көлемі шамамен 55 млрд теңгені құрап, дәнді дақылдар мен күнбағыс майын шығаруда айтарлықтай өсім байқалды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеудің бес нысаны іске қосылып, жаңғыртылды. Сондай-ақ, биыл әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациямен бірлесіп құрылған компания базасында тазартылған күнбағыс майы өндірісін іске қосу жоспарлануда, - деп атап өтті Әбілқайыр Сқақов.
Жалпы, жедел деректер бойынша, жеті айда Павлодар облысының экономикасы 3%-ға өскен. Макроэкономикалық көрсеткіштерге тоқтала келе, өңір басшысы өңдеу өнеркәсібінде 6,7% өсім тіркелгенін хабарлады. Оның ішінде химия және фармацевтика өнімдерін, мұнай өңдеу өнімдерін және машина жасауды шығаруда да өсім байқалды. Екібастұзда темір жол машинасын жасау кластері дамып келеді.
Екібастұз қаласының кешенді даму жоспары бойынша отын-энергетика кешеніне тәуелділікті төмендету көзделіп отыр. Жоспар бойынша іске асырылатын 100-ден астам іс-шараның 87%-ы жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылады.
Депутат Мирхат Мұсанаптың кешенді жоспардың әлеуметтік сипаты туралы сұрағына Әбілқайыр Сқақов «Кешенді жоспардың өте маңызды бөлігі - адами капиталды дамыту болып табылады», - деп жауап берді. - Мықты техникалық кадрларды сақтау үшін қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру, әлеуметтік нысандарды салу және жөндеу қажет. Екібастұзда біз шамамен 48 шақырым жылумен жабдықтау желісін, 105 шақырым сумен жабдықтау және су бұру желілерін жаңғыртуға, 280 шақырым қала жолдарын жөндеуге, мектептерді жаңғыртуға, мұз аренасы мен спорт кешенін салуға және «Шахтер» демалыс паркін қайта жаңартуға ниеттіміз.
Өңір басшысы облыс билігінің жұмысы әлеуметтік салада басталған жобаларды аяқтауға, инфрақұрылымды тартуға және жаңғыртуға, шағын және орта бизнесті қолдауға, жаңа инвестициялар тартуға, цифрлық сервистерді дамытуға, сонымен қатар, денсаулық сақтау, білім беру, балалар мен жасөспірімдер спортында және басқа да салаларда қойылған міндеттерді орындауға бағытталады деп уәде берді.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев