
Білім күні қалай өтеді, оқушыларға форма керек пе және оқу үдерісі кезінде балалардың қауіпсіздігін кім қамтамасыз етеді? Облыс әкімдігінің кеңейтілген отырысында осы мәселелер талқыланды.
Білім басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлының айтуынша, биыл Павлодар облысының мектептері 114,1 мыңға жуық баланы қабылдайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 3 мың оқушыға көп. Бірінші сыныптардың парталарына 11508 оқушы отырады.
- Биыл Білім күні Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналады, - деп атап өтті Дінислам Болатханұлы. - 1-ші қыркүйек күні санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, қатысушылардың санын шектеу арқылы барлық мектептердің бірінші сынып оқушылары үшін "Кел, балалар, оқылық!», 2-11 сыныптардың білім алушылары үшін бекітілген кабинеттерде "Тәуелсіздік жетістіктері" тақырыбында республикалық сынып сағаттары мен ашық сабақтар өткізіледі. Мектепке классикалық стильдегі ыңғайлы киіммен баруға рұқсат етіледі.
Санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін мектептерде күнделікті таңертеңгі фильтр, желдету, кварцтеу, дезинфекциялау және дымқыл тазалау жүргізіледі. Сондай-ақ, барлық оқу орындарының педагогтары мен техникалық қызметкерлері "Ashyq" бағдарламасы бойынша жұмыс істейтін болады. Мектептерде "бір сынып – бір кабинет" қағидаты сақталады, ал адамдар көп жиналмас үшін сабақтардың ауысымдылығын арттыру және әр уақытта өзгерістерді жариялау туралы шешім қабылданды.
- Мектептерге алты күндік оқу аптасына көшуге рұқсат етіледі, - деді білім басқармасының басшысы. - Жұмыс тәртібі бойынша шешімді оқу орындарының басшылығы, қамқоршылық кеңестері және ата-аналар қоғамдастығы өздері қабылдайтын болады. Мұғалімдер мен оқушылар үшін бетперде режимі сақталады, мектепке бөгде адамдардың кіруіне тыйым салынады.
Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов әрбір оқу орнында эпидемиологиялық режимді сақтауға назар аударды. Бүгінгі таңда эпидемиологтардың мониторингіне жататын 352 мектептің ішінде 340 мектеп мамандардың жұмысты бастауға рұқсат беретін қорытындысын алды.
- Оқу процесінің басталуымен оқу орындарын жекелеп тексеру қажет, - деп мәлімдеді өңір басшысы. - Барлық сақтық шаралары қабылданғандығы түсінікті, бірақ олардың қаншалықты сақталатынын білу керек. Қауіпсіздік мәселесі балалар, мұғалімдер, ата-аналар үшін де өте маңызды.
Мектептерде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге баса назар аударылады. Қазіргі кезде барлық оқу орындарының 15%-ы әлі де дабыл түймелерімен жабдықталмаған. Бұл олқылық алдағы уақытта облыстық бюджет нақтыланғаннан кейін жойылады. Сонымен қатар, мектептерде әдеттегі вахтёрлер арнайы күзетке ауыстырылады. Мысалы, Павлодардағы 158 білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігіне күзет агенттіктерінің қызметкерлері жауап береді. Бұл тәжірибені басқа қалалар мен аудандарға тарату үшін арнайы ұйымдар жетіспейді. Қазіргі таңда облыс бойынша тек 9 лицензияланған күзет агенттігі жұмыс істейді. Әбілқайыр Сқақов бұл жағдай кәсіби ортаны қалыптастырып, ұсынылатын қауіпсіздік қызметтерінің сапасын арттыруды қажет ететін бизнес өкілдері үшін себеп болуға тиіс екенін атап өтті. Сонымен қатар, Екібастұз қаласының әкімі Ардақ Қаңтарбаев пен Ертіс ауданының басшысы Аян Бейсекин мектептердің жаңа оқу жылына дайындығы туралы айтып берді. Облыс әкімі қалалар мен аудандардың әкімдеріне білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі жауапкершілікті еске салды. Пандемия кезінде оқу үдерісін ұйымдастыру қазіргі таңдағы аса маңызды міндет.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев