
Павлодар облысының әкімі фермерлермен кездесіп, салынып жатқан сүт және мал шаруашылықтарын дамыту мүмкіндіктерімен танысып, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясындағы жұмыстардың жүргізілу барысын тексерді.
Әбілқайыр Сқақов ең алдымен Ақтоғай ауданының Жоламан ауылындағы «Ақтоғай» жазғы лагеріне барды. Бүгінгі таңда 75 орындық демалыс-сауықтыру мекемесі карантиндік шектеулерге байланысты өз қуатының тек үштен бір бөлігіне ғана жұмыс істеп келеді. Былтыр «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша негізгі үй-жайлар жаңартылған. Әкім балалардың физикалық дайындықтарын дамыту үшін лагерьде ойын және спорт инфрақұрылымдарын жабдықтау қажет екенін атап өтті.
- Жазғы демалыста балалар көшеде 10-12 сағат өткізеді, оларды спортқа баулу үшін жағдай жасау керек, - деді ол. - Бұл үшін көп инвестиция қажет емес, турниктер орнатып, мини-футбол, басқа ойын алаңдарын салса жеткілікті. Қажетті қаражатты аудан әкімдігі жергілікті бюджеттен бөле алады деп ойлаймын.
Харьковка ауылында аймақ басшысына орталық сумен жабдықтау жүйесінің құрылыс қарқыны туралы ақпарат берілді. 330 адам тұратын ауылда инфрақұрылымның құрылысы былтыр басталды. Мердігер желілерді әр үйге тартып, қазір сорғы станциясын салып жатыр. Орталық сумен жабдықтау жүйесі іске күзде қосылмақ.
Былтыр Харьковкада жол асфальтталды. Бұл ауылдың аудан орталығымен, немесе Павлодармен сапалы көлік байланысын орнатып, жергілікті ауыл тұрғындарының жағдайын едәуір жақсартты.
Аймақ басшысы Ақтоғай ауылына таяу жердегі 1200 бас ірі қараға арналған сүт фермасы салынып жатқан «Ақтоғай Агро» ЖШС алаңына барды. Нысанның құрылыс-монтаждау жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Көктемде кәсіпкерлер мал шаруашылығын сүтті бағытта да, етті бағытта да дамытуға да қолайлы симменталь тұқымды ірі қара малының бірінші партиясын сатып алмақшы. Фермерлер қазірдің өзінде кәсіпорынның үздіксіз жұмыс істеуі үшін сапалы жем-шөп базасын дайындап жатыр. Сонымен қатар, көкөністерді дайындау мәселесі де ұмыт қалған жоқ.
- Біз биыл 1460 га картоп, 260 га сәбіз, 20 га қызылша, 10 га қырыққабат және 900 га жүгері отырғыздық – бұл көкөністен дән де, силос та жасалады, - деді кәсіпорын басшысы Александр Терентьев. - Жалпы алғанда, біз 3 мың гектар алқапты суарамыз.
«Агро Терра» ЖШС – суаруға көп үміт артып, картоп өсіретін тағы бір шаруа қожалығы. Биыл ауылшаруашылық кәсіпорындары егістік алқаптарына «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 5,5 шақырым суару инфрақұрылымын төсей бастады. Егер қазір фермерлер 83 га жерді суаратын болса, жүйе іске қосылғаннан кейін олар 535 га жерді суландырады. Суару қуаттарын кеңейте отырып, шаруалар сыйымдылығы 6 мың тонналық көкөніс қоймасын салуға дайын.
Ақтоғай ауылында Әбілқайыр Сқақов жеке кәсіпкерлердің бизнестерін дамытып жатқан шағын индустриялық аймақта болып қайтты. Олардың арасында Жанар Дарханқызы да бар – ол Н. Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінің студенті. 20 жасар қыз шет тілі курстарын ашты. Университеттегі «қашықтықтан оқыту» кезеңінде жас кәсіпкер ағылшын тілін өзі оқытады. Ол дәстүрлі оқуына оралғанда, жалдаған мұғалімдер жұмыстарын жалғастыра береді. Көпбалалы ана Дария Қуатова да өз бизнесін «Ақтоғай» шағын индустриялық аймағында дамытып келеді. Ол ұлттық нақыштағы киімдер мен атрибутиканы тігеді.
- Гранттың көмегімен мен қажетті құрал-жабдықтар сатып алдым, - дейді кәсіпкер. - Қазір аудан тұрғындарынан тапсырыс түсіп жатыр. Жақын болашақта біз аймақ деңгейіне жетеміз деп ойлаймын.
Аудан орталығында Әбілқайыр Сқақов жаңадан салынған футбол алаңына барды. Болашақта мұнда жағажай футболы мен ұзындыққа секіруге арналған инфрақұрылымдарды жабдықталмақ. Облыс әкімі жаңа спорт нысандарының жергілікті тұрғындар үшін қол жетімді болуы керек екенін ескертіп, ауданның спорттық қоғамдастығын балалар спортын жан басына қаржыландыру есебінен дамыту бағдарламасына қатысуға шақырды.
- Талай спортшының таланты ашылмай қалған, олар жаттығуларын аулада жалғастырып, болмаса спортты тастап кетеді, - деп атап өтті аймақ басшысы. - Біз бұл тенденцияны өзгертуіміз керек. Бұл үшін қаржылық қолдау бар. Егер Ақтоғай өңірінде баскетбол, күрес, бокс және шахмат жақсы дамып келе жатса, онда спорттың бұл түрлеріне назар аудару керек – оның үстіне олар ірі спорттық инфрақұрылымдар салуды қажет етпейді.
Жақын арада Ақтоғайда жаңа рекреациялық аймақ пайда болады. Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай мұнда саябақ құрыла бастады. Қазір саябақта жолдардың бір бөлігі төселіп, фонтан, шағын футбол алаңы және балаларға арналған ойын алаңы орнатылды. Жоба аясында концерттер мен мерекелік шаралар өткізуге болатын, көрермендерге арналған орындықтары бар амфитеатр салынбақ.
Ертіс ауданында да ауылдық инфрақұрылым жаңартылып жатыр. Аудан орталығында спорттық-сауықтыру орталығының құрылысы басталып, онда күрес залы, баскетбол мен волейболға арналған ойын алаңын орналастыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, спорт кешені аумағында шаңғы роллерлік трасса, ашық теннис корты және ресми және мерекелік іс-шаралар өтетін алаң абаттандырылмақ. Жаңа спорт кешені келесі жылы ашылмақ.
Аудан орталығына таяу жерде орналасқан Қызылжар ауылында биыл «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде бірнеше әлеуметтік нысан қайта жаңғыртылмақ. Бұрынғы ғылыми-зерттеу институтының жұмыс істемей тұрған ғимаратынан ауылдық мәдениет үйін салу туралы шешім қабылданды. Жергілікті мектепте де жөндеу жұмыстары басталды. Білім беру мекемесі «Заманауи мектеп» бірыңғай тұжырымдамасы аясында жаңартылады.
- Сонымен қатар, Қызылжарда төрт көше жөнделді, - деп баяндады Ертіс ауданының әкімі Аян Бейсекин. - Жыл соңына дейін ауылдағы тағы тоғыз жолды ретке келтіреміз.
Әбілқайыр Сқақов «Ауыл – Ел бесігі» жобасының әлеуметтік нысандарды тек жөндеумен шектелмейтінін ескертті. Жергілікті әкімдер көшелерді жарықтандыру, елді мекендерді абаттандыру және көгалдандыру мәселелерін де умытпау керек.
Жақын арада белгілі фермер Николай Миллер басқара бастаған «Иртышское» тәжірибелік шаруашылығы бүкіл Қызылжардың тірегіне айналуы мүмкін. Ол қазірдің өзінде ауылда ұн және нан өнімдерін сататын минимаркет ашып үлгерді. Николай Миллер кезінде көпке белгілі болған жергілікті тәжірибе станциясының өндірістік қуатын қалпына келтіруді жоспарлап отыр. Қазір ол ескі мал шаруашылығы кешенінің негізінде 1200 бас сиырға арналған сүт-тауар фермасын салуда және сыйымдылығы 14 мың тонналық жаңа көкөніс қоймасын салып жатыр. Уақыт өте келе, «Иртышское» шаруа қожалығы сыйымдылығы 14 мың тонна болатын жемістер мен көкөністерді сақтайтын тағы бір қойманы іске қоспақ.
- Қызылжардың жанында тағы бір мал шаруашылығына арналған ғимараттар кешені бар, соның негізінде біз 5000 бас ірі қараға арналған бордақылау алаңын жабдықтауды жоспарлап отырмыз, - деді Николай Миллер. - Жасыратыны жоқ, бүгінде біз өгіздерімізді Өзбекстанға арзанға сатып келеміз. Өгіздеріміз бен құлындарымызды бордақылап, ет балансын жақсартып, жақсы пайда тауып отырсақ, мұндайға барар ма едік? Бұл базаны жем-шөппен қамтамасыз ету үшін біз 2 мың гектар алқапта суара бастауға дайынбыз. Өз кезегінде біз бордақылау алаңынан алынатын органикалық тыңайтқыштарды суармалы жерлерге жеткізе аламыз.
Сонымен қатар, тәжірибелік шаруашылық өсімдік майын шығаратын және дәнді дақылдар өнімдерін шығаратын өз цехтарын ашуды жоспарлап отыр.
Аймақ басшысы Ертіс ауданының аграрлық мамандармен сұхбат өткізді. Диалог барысында бүгінгі таңда Қазақстанның көптеген аймақтарындағы жауын-шашынның аздығынан туындаған жемшөп жетіспеушілігі мәселесі қозғалды. Әбілқайыр Сқақов Павлодар облысында мал азығын сақтау мәселесінің ерекше бақылауға алынғанын атап өтті. Бүгінде «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» АҚ-мен жемдік астықты сатып алу жөнінде келіссөздер жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, мал азығын сатып алуға басқа да ауылшаруашылық бағыттардан субсидиялар бөлінуі мүмкін. Сатып алу науқанының қыр-сыры жақын арада аймақтық деңгейде ірі шаруа қожалықтары өкілдерінің қатысуымен талқыланатын болады.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Валерий Бугаевтың суреті