Павлодар облысындағы ауыл тұрғындарының 95% жыл соңына дейін сапалы ауыз суға қол жеткізеді

Павлодар облысындағы ауыл тұрғындарының 95% жыл соңына дейін сапалы ауыз суға қол жеткізеді

Аймақтың ауылдық аймағын сапалы ауыз сумен толық қамтамасыз ету үшін 2023 жылға дейін 25,3 мың адам тұратын 67 елді мекенге су құбырларын салу қажет. Орталық су құбырларын жүргізу және оларды күтіп ұстау мәселелері Павлодар облысы әкімдігінің кеңейтілген отырысында талқыланды.

Бүгінгі күні Павлодар облысының 221,8 мың ауыл тұрғынының 196,2 мыңы сумен қамтылған. Орталықтандырылған суға қол жетімділік 172 ауылда бар – бұл өңірдегі ауылдық елді мекендердің жалпы санының 48,9% құрайды. 107 ауылда су жергілікті көздерден алынса, тағы 71 ауыл тұрғындары оны кешенді блок-модульдер (КБМ) арқылы алып тұтынады. Тағы екі шағын елді мекен – Баянауыл ауданының Майкөбе және Шөптікөл ауылдары – сырттан жеткізілетін суды пайдаланып келеді. Егер бірінші ауылда құрылыс мердігердің кесірінен кешіктіріліп жатса, екінші ауылға ең таяу орналасқан ұңғыма 22 шақырым жерде орналасқандықтан, орталық сумен жабдықтау жобасы өте қымбатқа түспек. Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов Майкөбедегі жұмыстарды жаздың соңына дейін аяқтауды, ал Шөптікөлдегі жобаны зерттеп, мүмкіндігінше арзандатуды тапсырды.

- Суды сырттан жеткізу – өткен заманның сарқыншағы, - деді аймақ басшысы. - Біз бұл проблемаларды шұғыл түрде шешуіміз керек. Баянауыл ауданының әкімдігі екі жобаға да ерекше назар аударуы тиіс.

Өңірдің ауылдық аймақтарын 2023 жылға дейін сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін 67 ауылға су құбырларын, ал 33 ауылға КБМ орнату қажет. 1300-ге жуық адам тұратын тағы 13 ауыл су құбырларын орнатудан бас тартып, жергілікті су көздерін қолдана беруді жөн көрген.

- Биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында жалпы құны 11 млрд теңге құратын ауылдарды сумен жабдықтау жөніндегі 35 жоба іске асырылмақ, - деді жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Қадылжан Сатиев. - Бүгінгі күні 33 жоба бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілсе, тағы екі жоба бойынша конкурстық процедуралар өткізіліп жатыр. 16,9 мың тұрғыны бар 30 ауылдағы 29 жоба жыл соңына дейін аяқталады. Қалған 6 жобаны аяқтау 2022 жылдың еншісінде. Сонымен қатар, биыл 324 елді мекенде КБМ орнатуға 314,7 млн теңге бөлінген. Бұл 3,2 мың адамды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етеді. Келесі жылы біз Ақсу ауылдық аймағындағы Көктас ауылына кешенді блок модулін орнатуды жоспарлап отырмыз. Бұл жобамен KБM-дерді орнату аяқталмақ. Жоспар бойынша, 2021 жылдың соңына дейін елді мекенді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткіші 94,8% дейін жетпек – бұл 210 мың ауыл тұрғынының өмір сапасы.

Дегенмен, тек сумен жабдықтау немесе кешенді блок-модульдерді орнатып қана қою жеткіліксіз. Көп жағдайда ауылдағы сумен қамту көзін күтіп-ұстау міндеті кімдерге жүктеледі деген сұрақ туындайды. Кейбір жағдайларда бұған республикалық мемлекеттік кәсіпорындар жауап береді.

- Тиімді басқару үшін аумақтық тиістілік қағидаты сақталуы керек, - деді әкім. - Сумен жабдықтау жүйесі іске қосылғаннан кейін оны күтіп-ұстау міндеті жергілікті әкімдіктерге тапсырылуы тиіс. Ең бастысы, сумен қамтамасыз ету жүйесін күтіп-ұстауды оны күнделікті өмірде тұтынатын адамдар қолға алуы қажет. Сонда олардың тұрғындар алдындағы жауапкершілігі де артады.

Еске салатын жайт – биылдан бастап жергілікті сумен жабдықтау жүйелерінің субсидиялауға арналған тізімін бекіту құзыреті жергілікті атқарушы органдарға берілді. Бұл сумен қамтамасыз ету тарифтерін бюджет қаражаты есебінен субсидиялау туралы шешімдерді аймақ ішінде қабылдауға мүмкіндік бар деген сөз.

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі

Валерий Бугаевтың суреті