Кәсіби мереке қарсаңында Павлодар облысының мемлекеттік қызметкерлеріне құрмет көрсетілді

Кәсіби мереке қарсаңында Павлодар облысының мемлекеттік қызметкерлеріне құрмет көрсетілді

23 маусымда Қазақстан Республикасында мемлекеттік қызметкер күні аталып өтпек. Облыстық әкімдікте мемлекеттік аппаратта еңбек етіп, жетістіктерге қол жеткізген мамандар марапатталып, мемлекеттік қызметкерлер қатарына қосылғандар ант қабылдады.

 

Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов өңіріміздің мықты мамандарды өсіретін мекен екенін атап өтіп, олардың көп жағдайда туған өлкелерінен ұзамай, оның дамуына үлес қоса еңбек етіп, мансап құратындарын айтты.

 

- Мен мемлекеттік аппарат үшін жоғары білікті кадрлар даярлаудың берік негізін қалаған мемлекеттік қызмет ардагерлеріне алғысымды білдіргім келеді, - деді аймақ басшысы. - Әрқайсысыңыздың еңбектеріңіз тек жұмыс істейтін саламен ғана шектеліп қоймайды. Сіздердің әр күніңіз облыс тұрғындарымен, түрлі билік тармақтары өкілдерімен және бизнес қауымдастықтарымен қарым-қатынаста өтеді. Бұл үшін көптеген салалардағы терең білім мен дағдылардың болуы қажет. Павлодар облысының барлық мемлекеттік қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтаймын! Сіздерге, сіздердің жақындарыңызға мықты денсаулық, табыс және әл-ауқат тілеймін.

 

Салтанатты жиын барысында екі мемлекеттік қызметші ант қабылдады. Майқоңыр ауылы әкімі аппаратының жетекші маманы Диана Орымбаева мен Шарбақты ауданының жер қатынастары бөлімінің бас маманы Ертас Шәкіров Қазақстан халқына адал және кәсіби деңгейде қызмет етуге ант етті.

 

Өз еңбектерімен ерекше көзге түскен  мамандар «Үздік мемлекеттік қызметкер» төсбелгісімен марапатталды. Бұл марапат Қызылағаш ауылдық округінің әкімі Жанат Байтілеуова мен Павлодар облысының қазынашылық департаментінің кадрлар бөлімінің бастығы Бағлан Хасеноваға берілді. Павлодар қаласының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Лариса Кузьменкова мен жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының әкімшілік бөлімінің бастығы Жанна Сәрсекеева құрмет грамотасымен марапатталды. Сонымен қатар, Әбілқайыр Сқақов Павлодар полиция бөлімінің қызметкері Нүрзия Баужановаға, Павлодар облыстық құрылыс бөлімінің бас маманы Битөре Әбдіғалықовқа және Павлодар ауданы әкімі аппаратының мемлекеттік заң бөлімінің бастығы Олег Барабашқа атқарған жұмыстары үшін алғыс жариялады.

 

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі

Валерий Бугаевтың суреті