Мониторингті Павлодар облысы әкімінің орынбасары Асайын Байханов, жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Қадылжан Сатиев және төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Жасұлан Жұмашев жүргізді.
Олар Павлодар, Ақсу қалаларының, сондай-ақ Павлодар, Ақтоғай, Железин, Ертіс және Тереңкөл аудандарының аумақтарын айналып өтті. Асайын Байханов, Қадылжан Сатиев және Жасұлан Жұмашев өзен алқабы аймағында табиғи өрт жиі болатын қауіпті жерлердің жағдайын тексеріп өтті.
Аумақтарды ұшып өту барысында ашылуы 15 маусымға жоспарланып отырған өзен жағалауының демалыс маусымына дайындығы да тексерілді. Ертіс алқабының су тасқыны қаупі жоғары аймақтары да зерттелді. Биыл жүргізілген су жіберу нәтижесінде өзен алқабының айдын көлемі 270,2 мың га немесе жалпы алаңның 79% құрап отыр.
Сонымен қатар, қансорғыш жәндіктермен күрес шараларына талдау жасалды. Ертіс алқабында дезинсекция жұмыстары үш тәсілмен жүргізіліп жатыр. Өңдеу жұмыстары өзен арнасының 130,6 км бойында іске асырылып жатыр. Деинсекциялық өңдеу барысында аспалы бүріккіштер мен ыстық тұман генераторлары қолданалады. 27 мың гектар алқап екі АН-2 ұшағының көмегімен әуеден өңделеді.
10 сәуірде ғылыми топ өзен алқабы аумағында шіркейлердің көбеюін бақылау мақсатында фенологиялық зерттеулерді бастаған болатын. 1–3 мамыр аралығында Ертіс өзеніне қыстаған шіркей тұқымына қарсы «Бактицид» биопрепараты шашылды. 24–28 мамыр аралығында Ертістің басты арнасында алғашқы бақылау жүргізілді. Биологиялық препаратпен 8 аумақ өңделді. Бірінші нүкте – Аққулы ауданының Бесқарағай ауылында болса, соңғы орын – Тереңкөл ауданындағы Жаңабет ауылы. Жалпы 98,960 литр биологиялық препарат суспензиясы жұмсалды. Жұмыстар әлі жалғасып жатыр.
Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы