
Қаралы кезең құрбандарының құрметіне Павлодарда «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» халықаралық форумы өтіп, оған ғалымдар, қоғам белсенділері және Қазақстан мен Ресейдің ұлттық-мәдени бірлестіктерінің өкілдері қатысты.
Форумға қатысушылар алдымен саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориал мен Жүсіпбек Аймауытов ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Осылайша олар сталиндік репрессияларды бастарынан өткергендердің рухтарына тағзым етті.
- Біз үшін бүгінгі күннің маңызы ерекше, - деді форумның ашылу салтанатында Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов, - Лагерлерде қазақ мәдениетінің, ғылымы мен білімінің көрнекті өкілдері жойылды. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні – қазақстандықтарды біріктіретін, халқымыздың ерлігі мен қасіретін бейнелейтін аза тұту күні. Батырлардың жарқын бейнелерін жадымызда сақтап, сол жылдардағы оқиғаларға объективті баға бере отырып, ұрпақтарға жеткізу – қазіргі және кейінгі ұрпақтың азаматтық парызы. Біз өткенді еске алып, болашаққа көз салуымыз керек.
Онлайн кездесуге қатысушыларды Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілханов құттықтады. Ол 31 мамырда елде коллективизация салдарынан аштықтан қайтыс болған немесе депортацияға ұшырап, туған жерін тастап кетуге мәжбүр болғандарды да еске алатынын айтты. Соңғы есептеу бойынша мұндай адамдар 2 миллионға жуықтаған.
- Бүгін мұнда сол жылдардағы қатыгез оқиғалар туралы айқын куәландыратын архивтік материалдар көрмесі ұйымдастырылды, - деді Марат Әзілханов. - Мұндай құжаттар мен фотосуреттерді көрген сайын жаның түршігеді. Бұл цифрлар мен құжаттардың артында нақты адамдардың тағдырлары жатыр. Олардың жағдайын, тағдырларының қандай болғанын ойласаң, еңсең түседі.
Отбасының репрессия зұлматына ұшырағаны жөнінде атақты генерал Иван Панфиловтың немересі Алуы Байқадамова да айтып берді. Оның айтуынша, бір атасы тарихта қаһарман ретінде қалса, екіншісі, яғни Байқадам Қаралдин, 1930 жылы халық жауы атанып, ату жазасына кесілген. Мемлекеттік және қоғам қайраткерінің ұрпақтары оның толық ақталуына қол жеткізсе де, оның ауыр тағдыры туралы ақпараттың көпшілік үшін белгісіз болып қалып отырғанын айтады.
- Бұл біздің қос қанатымыз іспеттес – бір қанатпен ұзаққа ұша алмайсың, ертелі-кеш құлайсың, - дейді Алуа Байқадамова. – Мұндай форумдар мен кездесулер өткізіп тұру өте қажет, өйткені осындай шараларда бұрын белгісіз оқиғалар мен маңызды ақпараттар ашылуы мүмкін.
Форумның пленарлық отырысында ҚР Президентінің мұрағатының директоры Жәмила Әбдіқадырова, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры Нұрлан Дулатбеков, Гумилев атындағы Еуразиялық университет жанындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі Наталья Калашникова және Этнополитикалық зерттеулер институты директорының орынбасары Айгүл Сәдуақасова сөз сөйледі. Пленарлық отырыстан кейін форум жұмысы түрлі бағыттардағы секциялар аясындағы басқосулармен жалғасты.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Валерий Бугаевтың суреті